ЕҚЫҰ ДИАҚБ-мен арадағы тығыз ынтымақтастықты арттыра түсеміз – ҚР ОСК төрағасы

18 қазанда ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын байқау  жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Уршула Гацекпен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz. 

Кездесуге ОСК аппаратының мүшелері мен қызметкерлері, сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының мүшелері қатысты. Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясына Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын байқау үшін 30 ұзақ мерзімді және 300 қысқа мерзімді байқаушылардан тұратын делегацияны жіберу туралы шешім қабылдағаны үшін алғысын білдірді. 

Ортсайлауком төрағасы миссия мүшелерін сайлау науқанының негізгі кезеңдерінің ерекшеліктерімен және ұзақтығымен, Президенттікке кандидаттарды ұсыну қорытындылармен таныстырды, сондай-ақ қазіргі уақытта ҚР Президенттігіне кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталып жатқанын атап өтті. 

Ол сайлау процесіне қатысушыларды оқыту және мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мәселесіне дәстүрлі түрде көп көңіл бөлінетінін айтты. Саяси партиялар, жастар, БАҚ және ҮЕҰ өкілдері үшін семинарлар өткізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар жастардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, олардың сайлау белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында ҚР ОСК жанынан "Жас сайлаушылар клубы" құрылғанын атап өтті. Сарапшы кеңестің құрамы жаңартылып, оның мақсаты сайлау жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылатынын жеткізді. 

Кездесу барысында Нұрлан Әбдіров миссия мүшелерін Ортсайлаукомның отырыстары мен оқыту іс-шараларына қатысуға шақырды, сондай-ақ миссия өкілдерінің ОСК мүшелерімен және аппаратымен миссияны қызықтыратын кез келген мәселелер бойынша кездесулерін өткізуге дайын екенін білдірді. 

Кездесу аясында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының мүшелері Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне өз сұрақтарын қойды. 

Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын заңнамаға сәйкес қатаң жүргізуді қамтамасыз етеді және адал және әділ бәсекелестік үшін барлық жағдай жасайды. Біз Бюромен, оның ішінде сайлау науқандары арасындағы тығыз ынтымақтастық пен сындарлы диалогты жалғастыруға үлкен мән береміз, - деп атап өтті Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров кездесу соңында.

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: