Мәселен, 2022 жылдың 9 қарашасында ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров Павлодар облысына, 10-12 қарашада Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафинамен бірге – Алматы қаласы және Алматы облысына, ҚР ОСК хатшысы Мұхтар Ерман 10 қарашада Қызылорда облысына барды.
Семинар-кеңестерге аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының, БАҚ, уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ және ТМД Миссияларының байқаушылары қатысты.
Семинар-кеңестердің бірінші бөлімінде ОСК мүшелері уәкілетті мемлекеттік органдар мен сайлау комиссиялары мүшелерінің өңірлерде сайлаушылар тізімдері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету, сайлау процесіне қатысушылардың сайлау заңнамасының заңдылығын сақтауын қадағалауды жүзеге асыру, сайлау учаскелерінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сайлау бюллетеньдерін күзету және уақтылы жеткізу туралы баяндамаларын тыңдады.
Мәселен, Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Д.Е. Ибраев облыс бойынша барлығы 510 847 азамат сайлаушылар тізімдеріне енгізілгенін хабарлады. 30 қазанда сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелеріне берілді, 4 қарашадан бастап тізімдер азаматтарға танысуға ұсынылды.
Сурет: ҚР ОСК баспасөз қызметі
Облыста барлығы 528 сайлау учаскесі бар, оның 21-і қолжетімділігі шектеулі. Қалалар мен аудандар әкімдіктерінің деректері бойынша барлық сайлау учаскелерінде дауыс беруге арналған үй-жайлар Орталық сайлау комиссиясының нұсқаулығына сәйкес жарақтандырылған. Бұдан басқа, Төтенше жағдайлар органдары ғимараттардың техникалық жарақтандырылуына тексеру жүргізді.
Сайлау учаскесін нақтылауға ыңғайлы болу үшін @prezident_sailau_2022_pvl_bot телеграм-ботында ЖСН бойынша іздеу сервисі арқылы сайлау учаскесі туралы ақпаратты іздеу сервистері жұмыс істейді. Сервистер сайлау учаскесі, сайлау учаскесінің нөмірі, мекенжайы, байланыстары туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Барлық 13 әкімдікте Call-орталықтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, сайлаушылар үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы базасында call-орталық жұмыс істейді.
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.А. Дисюпова облыс бойынша дауыс беру кезінде ерекше жағдайларға мұқтаж мүгедектігі бар 3,3 мыңнан астам сайлаушы бар екенін хабарлады. Осыған байланысты облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау учаскелеріне кедергісіз кіруі үшін жағдай жасау бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Барлық сайлау учаскелері ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан. Кресло-арбаларды пайдаланатын мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін сайлау жәшіктері мен кабиналарын қолжетімді деңгейде орналастыру көзделген. Мүгедектігі бар адамдар үшін 488 учаскеде бұрыштар ұйымдастырылды, 522 учаске кабиналармен жабдықталды, 5 сурдоаудармашыны тарту жоспарлануда. Сонымен қатар дауыс беру күні 18 "инватакси" қызметі ұсынылатын болады. Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын іске асыру үшін сайлау учаскелеріне бара алмайтын мүгедектігі бар адамдарға дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшігі бар көшпелі комиссиялар ұйымдастырылатын болады.
Сурет: ҚР ОСК баспасөз қызметі
Өз кезегінде Қызылорда облысы әкімдігі аппаратының басшысы Ш.А. Байманов облыста комиссияның 2710 мүшесі жұмыс істейтінін хабарлады. Қызылорда облысы бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың жалпы саны - 482 934 адам. Ағымдағы жылдың 30 қазанында сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелеріне берілді, 4 қарашадан бастап тізімдер азаматтарға танысуға ұсынылды.
Өз сайлау учаскесін нақтылау мақсатында азаматтар Call-орталыққа қоңырау шалып, сайлаушылар тізімінде өздерін тексеру жөніндегі sailau-orda.gov сервисті пайдалану мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, Telegram-бот (sailau_kzoBot) және "Smart Qyzylorda" мобильді қосымшасы арқылы сайлаушылар тізімін тексеру мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда 12 мыңнан астам сұраныс түсті.
Халықты сайлау туралы кеңінен ақпараттандыру мақсатында өңірлік теледидарда бейнероликтер, облыс аумағында баннерлер орналастырылды, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар жарияланды.
Облыстық сайлау комиссиясы барлық аудандарда және Қызылорда қаласында комиссияның 800 мүшесі үшін оқыту курстарын ұйымдастырған.
Бүгінгі таңда өңірде 31 мыңнан астам мүгедек адам тіркелген, олардың 20 071-і сайлауға қатысуға құқылы. Барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдардың кіріп-шығуы үшін жағдайлар жасалған. Аудандарда және Қызылорда қаласында құрылған мониторингтік топ объектілердің толық бейімделуін зерделеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар сайлау кезінде мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау үшін 32 инватакси қызметі жұмыс істейді.
Сурет: ҚР ОСК баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары К. С. Сухамбековтың ақпараты бойынша сайлау күні қалада 600 учаске жұмыс істейтін болады. Сайлаушылар тізіміне 1 млн. 170 мыңнан астам азамат енгізілген. "1315" бірыңғай нөмірі бар қалалық Сall-орталығы іске қосылды. Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау сайтында сайлаушылар тізімінде өзін тексеруге мүмкіндік беретін сервис әзірленді. Ұқсас қызмет @almaty_sailau2022_bot Telegram bot арқылы іске қосылды. Бүгінгі таңда 70 мыңнан астам адам сайлаушылар тізімінде өздерін тексерді.
Алматы қаласында сайлау құқығы бар мүмкіндігі шектеулі 43 000-нан астам адам тұрады, дауыс беру кезінде ерекше жағдайлар 6209 адамға қажет. Барлық сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділік қамтамасыз етілген. Барлық сайлау учаскелері бірінші қабаттарда орналасқан, пандустар мен тактильді көрсеткіштер бар. Бұдан басқа, сайлау учаскелерінде жасырын дауыс беруге арналған арнайы кабиналар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделген форматта мониторы бар компьютерлер көзделген. Сондай-ақ, дауыс беру күні 54 инватакси тартылады.
Алматы облысында дауыс беру күні 606 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады, оның 21-і қолжетімділігі шектеулі.
Облыста барлығы 42 171 мүгедектігі бар адамдар тіркелген. Дауыс беруге арналған 606 сайлау учаскесінің үй-жайлары ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан. Дауыс беруге арналған үй-жайларға кіре берісте 572 сайлау учаскесінде тұтқалар орнатылды, тактильді көрсеткіштер 390 сайлау учаскесінде бар. Сонымен қатар, 585 сайлау учаскесінде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар ұйымдастырылып, кабиналар жабдықталған.
Сондай-ақ, дауыс беру күні облыстың барлық аудандары мен қалаларында сайлаушыларды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін инватакси қызметінің 18 автомашинасы тартылатын болады.
Сурет: ҚР ОСК баспасөз қызметі
ҚР Президенттінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіпті, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету туралы Алматы облысы ПД басқармасының бастығы М.М. Қалиаскаров баяндады, ол ішкі істер органдары дауыс беру өткізілетін барлық объектілерді пысықтайтынын, тиісті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдағанын хабарлады.
Семинар-кеңес бағдарламасының екінші бөлімінде ОСК мүшелері аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары үшін кейс технологиясы негізінде іскерлік ойын түрінде тренингтер өткізді.
Дауыс беру күніндегі іс-қимыл алгоритмі бойынша сайлау комиссиялары мүшелерінің практикалық дағдылары, оның ішінде дауыс беру күніне сайлау учаскесін дайындау, сайлау бюллетеньдерін беру, үй-жайдан тыс дауыс беруге арналған сайлау жәшіктерін сүйемелдеу, дауыстарды санау алгоритмі, дауыс беру қорытындылары бойынша хаттамаларды ресімдеу және т.б. тексерілді. ОСК-ның басқа мүшелері сайлау комиссиялары мүшелерінің іс-қимыл алгоритмі бойынша нақтылайтын сұрақтар қойып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырудағы басты міндет оның ашықтығын қамтамасыз ету екенін еске салды.
Семинарлардан кейін ОСК мүшелері өңірлердің сайлау учаскелеріне барды. Сайлау комиссияларына ОСК мүшелері тарапынан әдістемелік және консультациялық көмек көрсетілді.