Ерлан Қошанов сайлау әділ өтпеді деп есептейтіндер туралы пікір білдірді.
"Сізге Amanat несімен ұнамайды? Халыққа ұнайды, халық дауыс берді. Мен бұл сайлау әділ, таза және ашық болды деп санаймын. Amanat 53,9% дауыс алғаны шынымен лайық жеңіс деп санаймын. Біз партия құрамымызбен өңірлерді араладық. Өз басым халықтың қолдауын сезіндім. Бұл - біздің лайық жеңісіміз. Ерлан Қошанов
Сонымен қатар ол сайлау нәтижесіне көңілі толмайтындар үнемі болатынын айтты.
"Сайлау нәтижесіне көңілі толмағандар туралы ештеңе айта алмаймын. Мен - жай ғана Amanat партиясының төрағасымын. Әрине, ұтылғандар әрдайым көңілі толмайды. Анау айтқан дүрбелең болды дей алмаймын. Көңілі толмағандар жазады, наразы болады. Бұл түсінікті нәрсе ғой. Бір мандатты депутаттық кезінде бұл үнемі болатын", - деді ол.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов журналистердің "Учаскелерде заңбұзушылықтар болғанын біле тұра, қалай сайлауды әділ өтті деп айта аласыз?" деген сұрағына пікір білдірді.
"Жекелеген сайлау учаскелерінде заңбұзушылық болса, онымен прокуратура және тағы басқа органдар айналысып жатыр. Ал негізінен жалпы нәтиже бойынша заңбұзушылық болды дегенге келісе алмаймын. Негізінен сайлау әділ, таза өтті. Заң бойынша сол сайлау учаскесіндегі әрекет заңсыз деп танылса, ол заңсыз деп танылғаны", - деді ол.
Сонымен қатар мәжіліс төрағасы бұл құрам уақытында тарай ма әлде өз еркімен тағы тарап кетуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
"Меніңше, біз 5 жыл жұмысымызды істеуіміз керек. Заң бойынша, конституция бойынша солай. Сондықтан біз өз мерзімімізді толық атқаруға дайынбыз", - деді Ерлан Қошанов.