Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Орталық Азия форумына қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының делегациясына алғыс айтты.
Сурет: akorda.kz
"Сіздер бұл форумға қатысу арқылы аталған жиынға маңызды қолдау көрсетіп отырсыздар. Қазіргі әлемде болып жатқан оқиғаларды ескерсек, конференцияның күн тәртібіндегі мәселелер өте өзекті. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын толықтай қолдайды. Мен бұл жөнінде барлық халықаралық іс-шараларда үнемі айтып жүрмін. БҰҰ-ға мүше басқа мемлекеттердің бәрі Ұйым Жарғысында бекітілген қағидаттарды мүлтіксіз сақтауы керек деп санаймын. БҰҰ – Қазақстан үшін баламасы жоқ әрі әмбебап халықаралық ұйым. Ұйымға мүше елдердің әрқайсысы оның қызметін жетілдіру ісіне барынша үлес қосуға тиіс. Біз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қызметін жоғары бағалаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, оған ізгі тілегім мен сәлемімді жолдаймын. Қазақстанға келер болсақ, біздің тарапымыздан БҰҰ-ның кең ауқымды қызметіне жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бүгінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігі туралы көп айтылып жүр. Бұл мәселе демократия қағидаттарына сай егжей-тегжейлі талқылауға лайық деп санаймыз. Әрбір ел бұған өз үлесін қосып, пікірін айта алады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сурет: akorda.kz
Кездесу барысында аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ террористік қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
БҰҰ өкілдері Қазақстанның бұл саладағы күш-жігеріне жоғары баға беріп, еліміз БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес мәселесінде көшбасшылардың бірі екеніне назар аударды. Владимир Воронков Астанада қауіпсіздік жөнінде Форум өткізудің маңызды екенін атап өтіп, бұл жиын диалог пен өзара сенімді қалпына келтіруге, ортақ шешімдер іздеуге арналған алаңдардың біріне айналғанын жеткізді.