Ақтау тұрғындары уәде етілген жолды алты жылдан бері күтіп жүр

Ақтаудағы "Шығыс-2" және "Шығыс-3" шағынаудандарының тұрғындары тұрғын үйлердің арасына уәде етілген жолдардың салынуын алты жылдан бері күтіп жүр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақтаудағы бірнеше ауданның тұрғындары тұрғын үйлердің ішінде жол жоқ екеніне шағымданып отыр. Ақтаулықтардың айтуынша, құрылысқа тендер сонау 2017 жылы жарияланған. Дегенмен тұрғындар әлі де жақсы жаяу жүргіншілер жолы мен көлік жүретін жолға жете алмай отыр.

"Адамдар шаршады. Қалада тұрмайтын сияқтымыз. Күзде-көктемде балшықта жүреміз, жазда бәрін шаң басады. Құрылыс мәселесі 6 жылдан бері шешілмей тұр. Бірнеше рет биліктен көмек сұрадық. Бірақ бізді құдды естімейтін сияқты. Билік проблеманы біледі, тіпті жөндеп береміз деп сендіреді, үміттендіреді", - деді Ақтау қаласының тұрғыны Нұрлан Қожамқұлов 24.kz-ке берген сұхбатында.

Әкімдік биыл екі шағынауданның жолдарын абаттандыруға қосымша қаржы бөлінді деп отыр.

"Бір ай бұрын мердігер геодезиялық жұмыс істеді. Сонымен қатар жер телімдерін топографияға түсірді. Қазір мамандар тас жолдардың сызбасын әзірлеп жатыр. Мемлекеттік сараптаманы күзде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы барлық жұмысты биыл аяқтағымыз келеді", - деді Ақтау қалалық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан.

Өткен жылы "Шығыс-2" шағынауданын асфальттау үшін қалалық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген. Жол құрылысы мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін басталады деп уәде беріліп отыр. Ал "Шығыс-3" шағынауданында 4 көшеде жол жұмысы басталып та кетті.

Бұған дейін жол активтерін сараптау орталығының мамандары биыл республика бойынша битумнан 16 мың сынама алғаны белгілі болған. Талдау көрсеткендей, еліміздегі жолдардың үштен біріне жуығы сапа стандарттарына сай емес.

Ақтау Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: