Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкім интеграцияланған тарифпен жылдам қоғамдық көлікті дамытуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол жыл соңына дейін қаланың көлік құрылымы бас жоспарда қарастырылады деп сендірді.
Тұрғындар Ерболат Досаевтан неліктен Алматыда кешкі уақытта қоғамдық көлікпен біржерге жету қиындап кететінін сұрады. Олардың сөзінше, Алматының бір нүктесінен екінші нүктесіне баратын жол ұзақтығы жиі 1,5-2 сағатқа созылып кетеді. Бұл мәселені қашан, қалай шешпек?
Ерболат Досаев Алматы бірте-бірте жоғары жылдамдықты көлікті енгізуге келеді, бірақ бұл бірден бола қоймайды деп жауап берді.
"Мәскеуде көлік бағдарламасы 10 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Мұны да түсіну керек. Біз осыған келеміз. Жұмысымыз бірнеше жыл бұрын басталған. Біз Алматыда жылдам қоғамдық көлікті енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе кеше Сеулде мамандармен талқыланды. Біз адам автобустан метроға ауысып, діттеген жеріне тез жетуі үшін интеграцияланған тариф енгізуді жоспарлап отырмыз", - деді қала әкімі.
Сеулге жұмыс сапары аясында Ерболат Досаев Оңтүстік Корея астанасының әкімімен мегаполистердегі көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесін талқылаған еді.