Елімізде еңбек нарығына қандай мамандар керек

Үкімет алдында биыл 1 миллионға жуық адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Қазір 734 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың жартысы – жастар. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Премьер-министрдің сөзінше, әр өңірдің өзінің жұмысқа орналастыру жоспары бар. Онда әр өңірдегі еңбек нарығының ерекшелігі ескерілген. Соған сәйкес, мемлекеттік қолдау шаралары қаралған.

"Әкімдіктер жастарды еңбекке тарту ісіне ерекше назар аудару керек. Мысалы, бүгінде энергетика, мұнай-газ индустриясы, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, IT-саласының мамандары қажет. Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері мемлекеттік білім беру гранттарының тізбесін қалыптастыру кезінде осыны ескеруге тиіс", - деді премьер-министр.

Сонымен қатар ол мына мәселелерге де назар аудару қажет екенін айтты:

  1. Бүгінде жұмыспен қамту орталықтары облыстық Еңбек ұтқырлығы орталықтары болып қайта құрылған. Олардың аудандық Мансап орталықтары бар. Аталған орталықтар жұмыстарын біршама жаңғыртып, қайта ұйымдастырды. Енді Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы орталықтар арқылы жұмысқа орналастыру жүйесіне мониторинг жүргізу механизмін жетілдіруі тиіс. Міндетті зейнетақы аударымдары бар электрондық еңбек шарттарының жасалуына ерекше назар аудару қажет.
  2. Еңбек нарығының кешенді жоспары әзірленді. Әкімдіктер осы жоспар аясында құрылып жатқан жұмыс орындарының сапасына баса назар аударуға тиіс. Жұмысқа орналастыруды мемлекеттік қолдау аясында ғана емес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен жеке инвесторлар арқылы да қамтамасыз ету қажет.
  3. Өңір әкімдері бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін жүйелі түрде өткізіп, Астанада іске асырылып жатқан "Жолтап" пилоттық жобасын үлгі ретінде пайдалану қажет. Еңбек министрлігі Мәдениет министрлігімен бірге жұмысқа орналасудың жаңа мүмкіндіктері туралы халықты хабардар ету шараларын күшейтуге тиіс.
Қазақстан Смайылов Әлихан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: