Сенатор: Егілген әр үшінші ағаш тамыр алмайды

19 қазанда сенатор Нұрлан Бекенов елді көгалдандыру мәселесін көтеріп, әр үшінші ағаштың тамыр жаймайтынынан бюджет қаражатын жоғалтып жатқанымызды айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Депутат Экология және табиғи ресурстар министріне сауал жолдады. Елбасы 2025 жылға дейін республика бойынша 2 миллиард ағаш егуді тапсырды. 2021 жылы 138 миллион, 2022 жылы 280 миллион ағаш егілсе, 2023 жылы 409 миллион ағаш егу жоспарланып отыр. Десе де, депутат көшеттердің өсу көрсеткіші небәрі 70% болып тұрғанына, яғни әр үшінші ағаштың әрі қарай өсіп кетпейтініне алаңдаулы.

"Осылайша, 409 миллион көшеттің кем дегенде 120 миллионы тамыр алмайды. Бұл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуынан екені анық. Бюджет шығынын барынша азайту керек. Ағаштың әрі қарай өсіп-өспегені неліктен бақыланбайды, талданбайды? Қазіргі заманғы жүйелер неге жұмыс істемейді? Бақылап, күтіп-баптау және суару қондырғылары орнатылмаған. Ал бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы үшін жауапкершілік қайда?"Нұрлан Бекенов

Сонымен қатар оны ағашты кесу, қасақана өртеу, ормандарды заңсыз алып, пайдалану, тұрғын үйлер мен басқа да құрылыстар салу мәселелері алаңдатады. Депутат ормандар мен курорт аймақтардағы барлық ғимарат пен құрылысты тексеруді ұсынды.

"Өсімдіктер мен ағаштарды өсіру, оларды кейіннен күтіп-баптау тәсілдерін қайта қарау қажет деп санаймын. Көшет егуді қамтамасыз ететін мердігерлерге есеп бере отырып, ағаштардың жай-күйін міндетті түрде әрі қарай күтіп-баптау және мониторингілеу жүктелсін. Оларды орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылсын және ол қызметтер шартында көрсетілсін".Нұрлан Бекенов

2023 жылғы 19 сәуірде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қалаларындағы көрініс нашар екенін айтты.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: