Ол өзінің пікірін Facebook-тегі парақшасына жариялады.
"Құрметті қазақстандықтар! Бүгін мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы үкіметінің орнынан түсуін қабылдады. Ең алдымен, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сындарлы уақытта Қазақстан Республикасының үкіметін басқаруға сенім білдіргені үшін зор алғысымды білдіремін. Өткен екі жыл қоғам үшін шешуші кезең болды. Мемлекет басшысы жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған аса маңызды саяси және экономикалық реформаларға бастамашылық жасады. Үкімет осы реформаларды іске асыру және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қызмет етті. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді". Әлихан Смайылов
Ол былтырғы қорытынды бойынша экономиканың өсуі 5,1% болғанын айтты. Оның айтуынша, барлық негізгі сектор оң даму динамикасын көрсетті. Инфляция екі есеге төмендетілді.
"Елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі екі жыл қатарынан соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Оның жылдық көлемі 26-28 млрд доллар болды. Ұлттық қордың активтері былтыр 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд доллардан асты. Рейтингтік агенттіктер ұлттық экономиканың тәуелсіз рейтингі мен инвестициялық сенімін растады. Үкіметтегі барлық әріптесіме, сонымен қатар депутаттық корпусқа бірлескен және нәтижелі жұмыс үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар еліміздің дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген әр қазақстандыққа алғыс айтамын".Әлихан Смайылов