Президентке су тасқыны салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары бойынша есеп берілді

2024 жылғы 29 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа су тасқыны салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысына су тасқыны салдарын жоюға және зардап шеккен азаматтарды қолдау шараларын жүзеге асыруға бағытталған жоспарлы жұмыстар жөнінде баяндалды, делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, 30 770 отбасыға 100 АЕК көлемінде бірреттік төлем беру үшін 11 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген.

Зардап шеккен аймақ тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы, 15 103 тұрғын үй тексеріліп, 11 186 нысанды бағалау жұмыстары аяқталды.

Қазіргі таңда 432 отбасы бұзылған баспаналарының орнына жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Атап айтқанда, тұрғындарға Қостанай облысында 225, Ақмола облысында 83, Ақтөбе облысында 76, Солтүстік Қазақстан облысында 40, Қарағанды облысында 6, Павлодар облысында 2 баспана берілді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына зардап шеккен азаматтар үшін 1862 жаңа үй салынып жатқаны туралы мәлімет берілді.

Олжас Бектенов зардап шеккен тұрғындарға аса қажетті дүние-мүлік сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша өтемақы төленіп жатқанын айтты.

Бұдан бөлек, тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақтық комиссиялар тексеру жұмыстарының нәтижесіне сәйкес шағын және орта бизнес субъектілерінің 12 өтінімін қарастырып, мақұлдады. Оған жалпы сомасы 21 миллион теңге бөлінді.

Жалпы, шығынды өтеу және құжаттарды өткізу тәртібін білу үшін 1432 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істеп тұр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Алдын ала бағалау бойынша су тасқынынан 731 бизнес субъектісі зардап шеккен.

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: