Бұл туралы 2026 жылы 3 маусымда Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетсек, 2026 жылы 14 мамырда сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екі оқылымда қарап, мақұлдаған болатын. Құжат жұмыскерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуді, әлеуметтік әріптестікті дамытуды, еңбек қауіпсіздігі стандарттарын арттыруды және еңбек қатынастарының негізгі рәсімдерін нақтылауды көздейді.
"Қаралған заң ұлттық еңбек заңнамасын жетілдіруге арналған. Соның аясында жұмысшы мен жұмыс берушінің құқықтарын үйлестіруге арналған нормалар топтамасы қарастырылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың құзыреті бірқатар жаңа міндетпен толықты. Жалпы, заң елімізде еңбек адамдарының құқықтық кепілдігін күшейтіп, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыра түседі деп сенеміз", – деді Мәулен Әшімбаев.
Нақты айтқанда, Еңбек кодексіне жұмыскерлердің заңды мүдделерін сақтау мәселелері бойынша бірқатар жаңа норма енгізіледі. Соның ішінде еңбек саласында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау қағидаттарын бекіту, жұмыскерлердің скринингтік зерттеулерден өту тәртібін айқындау және ауысым алдындағы медициналық тексеруге кеткен уақытқа ақы төлеу мәселелері қамтылған. Бұдан бөлек, жұмыс берушінің еңбек жағдайлары өзгерген жағдайда жұмыскерді жазбаша түрде хабардар ету міндеті қарастырылды. Сондай-ақ "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске де толықтырулар енгізіледі. Соған сәйкес, жұмыскер тіркелген медициналық ұйым цифрлық технологиялар арқылы азаматтарға скринингтен өту қажеттігі жөнінде хабарлама жіберіп, скринингтен өтуге тиіс жұмыскерлер туралы мәліметті жұмыс берушіге жолдай алады.
Бұған дейін Қазақстан мен Кипр президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізген болатын.