ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы номинацияға қалай дайындалғанын айтып берді. Оның айтуынша, 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудың бірегей жартасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын.
"Осы уақыт аралығында номинациялық материалдарды әзірлеу бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Оның аясында ғылыми негіздемелер дайындалып, құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан жан-жақты пысықталды. Былтыр ЮНЕСКО-ның бағалау миссиясы елімізге арнайы келсе, ал жуырда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар орталығы және Ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңестің (ICOMOS) техникалық қорытындылары алынды", деп жазды саясаткер желіде.
Кеше Корея Республикасының Пусан қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-сессиясы өз жұмысын бастады. 29 шілдеге дейін жалғасатын жаһандық жиынға Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға қатысушы 196 мемлекеттің үш мыңға жуық делегаты, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері жиналған.
Алдағы 10 күн ішінде комитет ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған 30 жаңа номинацияны қарайды. Солардың қатарында Қазақстан ұсынған "Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындар" номинациясы да бар.
"Бұл номинация бойынша қабылданатын оң шешім еліміз үшін аса маңызды оқиғалардың бірі болмақ", деп түйіндейді сөзін Ерлан Қарин.
Бұған дейін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-ші сессиясында Қазақстан ұсынған "Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен байланысты киелі нысандар" номинациясын қарау жоспарланып отырғаны хабарланған.