Рейтингті жасау кезінде экономикалық және саяси ықпал, көшбасшылық, халықаралық одақтар мен әскери әлеует ескерілген. Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында тізімнің алғашқы жартысына енген жалғыз мемлекет болды. Посткеңестік елдер арасында Қазақстан Ресейден (11-орын) кейін тұр. Ал Украина (51-орын), Беларусь (57-орын), Өзбекстан (71-орын), Латвия (74-орын), Эстония (75-орын), Армения (80-орын) және Грузиядан (91-орын) озып шықты. Рейтингтің алғашқы үштігіне Қытай, АҚШ және Үндістан енді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан экономикалық әлеуетін жүйелі түрде нығайтып келеді. Мұны нақты көрсеткіштер де растайды. 2021–2025 жылдары тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны 114 179,2 млн долларды, ал 2019–2025 жылдары 155 771,2 млн долларды құрады.
Ұлттық қордың валюталық активтерін қоса алғанда, елдің халықаралық резервтері 2025 жылдың соңында 129,3 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылда 37%-ға, ал соңғы жеті жылда 45,4%-ға өсті. Алтын-валюта резервтері 70,6 млрд долларды құрап, бес жылда 91,7%-ға артты.
Халықаралық рейтинг агенттіктері де Қазақстан экономикасының тұрақтылығын растап отыр. Атап айтқанда, S&P Global Ratings агенттігі 2026 жылы Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін тұрақты болжаммен BBB деңгейіне дейін көтерді. Агенттік ел экономикасының сыртқы күйзелістерге төзімділігін және резервтерінің жеткіліктілігін атап өтті.
Moody’s агенттігі Қазақстанның рейтингін Baa1 деңгейінде, тұрақты болжаммен растады. Агенттік мемлекеттік қарыздың төмен деңгейі мен бюджеттік-салықтық ұстанымдардың беріктігін оң бағалады.
Шетелдік сарапшылар Қазақстанды Орталық Азияның басты сауда орталығы ретінде қарастырады. 2025 жылы республикаға өңір елдерінің жиынтық тауар айналымының шамамен 51%-ы тиесілі болды. Бұл – 281,4 млрд доллардың ішіндегі 143,9 млрд доллар. Яғни, Орталық Азиядағы жалпы тауар айналымының жартысынан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.
Экспорт көрсеткіштері де осы үрдісті айқын көрсетеді. Өңірдің жалпы экспорт көлемі 139,9 млрд доллар болса, оның 79 млрд доллары немесе шамамен 57%-ы Қазақстанға тиесілі болды. Басқаша айтқанда, Орталық Азия экспортының жартысынан астамын бір ел қамтамасыз етті.
Мұндай басымдық ел экономикасының ауқымымен ғана емес, дамыған көлік-логистика инфрақұрылымымен, ірі экспорттық бағыттарымен және жеткізілімдердің әртараптандырылған құрылымымен де байланысты. Қазақстан мұнай мен металдардан бастап ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңдеу өнеркәсібі тауарларына дейінгі түрлі өнімдерді сыртқы нарықтарға шығарады.
Бұған дейін халықаралық сарапшылар Қазақстанның өнеркәсіпті белсенді дамытуы мен инвестиция тартуының арқасында Орталық Азиядағы ең ірі экономика мәртебесін сақтап отырғанын атап өткен болатын.