Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжат жаһандық көлік-логистика тізбегі өзгеріске ұшыраған қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (Орта дәліздің) орнықты қызмет етуі мен кешенді дамуына арналған ортақ құқықтық негізді қалыптастырады.
Келісім тараптардың инфрақұрылым қуатын кеңейтуін, бағыт бойындағы теміржол, автокөлік және порт аумақтарының осал тұстарын реттеуді, сондай-ақ Каспий айдынында теңіз түбін тереңдететін флот пен теңіз тасымалын бірлесе дамытуды қамтамасыз етеді.
Құжаттың негізгі бөлімі көлік саласын ауқымды цифрландыруға арналған. Бұл ақпараттық жүйелерді интеграциялауды, "бір терезе" қағидатын енгізуді, жүк қозғалысын толықтай қадағалауды, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану туралы жеке келісім жасасуды қамтиды.
Бұдан бөлек, келісім өзара алдын ала ақпараттандыру, тексеруді азайту және өкілетті экономикалық операторлар мәртебесін тану арқылы әкімшілік, шекаралық және кедендік үдерістерді айтарлықтай жеңілдетеді.
Бұған дейін Тоқаев пен Әлиев Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу рәсіміне қатысқан болатын.