Баян Мақсатқызының әкесі қайтыс болды

Тележүргізуші, журналист Динара Сәтжан Баян Мақсатқызының әкесі Мақсат Мұхитденов өмірден өткенін жазды, деп хабарлайды Zakon.kz.


"Менің құрбым Баян бүгін әкесінен айырылды. Иманды болсын! Бұл - адам үшін үлкен қайғы", - деп жазды Динара Сәтжан Instagram-дағы парақшасына.


Қайғылы хабарды Кешyou тобының директоры Назым Басқынбаева да хабарлады.


"Асыл ер, абыройлы азамат, аяулы жар, ардақты әке, қазақ мәдениеті мен руханиятының жанашыры Мақсат Зайлағиұлы Мұхитденов өмірден озды. Қашан да жүзі жылы, сабырлы, ақылы мен тәжірибесін ортаға салып, бағыт-бағдар нұсқауға дайын, зиялылықтың символындай болған керемет жан еді... Қабырғамызды қайыстырған қаралы хабар оның айрандай ұйып отырған отбасына ауыр соққы болып тиді. Аса қадірлі Гүлжамал Айдарқызына, Бәтес, Баян және Бағым ханымдарға, олардың өмірлік жарлары Марат, Тұрсынғали, Әділжан мырзаларға, немерелері Айдар, Ақбота, Айсәуле, Айару, Арланға, шөберелеріне қайғырып, көңіл айтамыз. Мақсат ағамыздың иманы саламат болып, жаны жаннаттан жай тапсын!", - деп жазды Назым Басқынбаева.



Мақсат Зайлағиұлы Мұхитденов - мәдениет қайраткері, зерттеуші. Ол 1965 – 1967 жылдары Алматы эстрада студиясын бітірген. 1967-1974 жылдары Орал облыстық филармониясында, кейін ҚазССР Мемлекеттік ән-би ансамблінің әншісі болып жұмыс істеген. Бүгінде сол кезде жазылған әндері қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы.

Мақсат Мұхитденов 1972 жылы Алматыдағы дыбыс жазу студиясына дыбыс режиссері болып жұмысқа кірісіп, 1991 жылы – Кеңес Одағы ыдырағанға дейін жұмыс істейді. Сол дәуірдегі бүкіл Қазақстанмен қоса Алтай өңірі, Қырғыз Республикасындағы кәсіби шеберлердің орындауындағы жауһар ән-күйлердің бай алтын қорын жоғары шеберлікпен, тек өзіне ғана тән мәнермен магнитті таспаға түсірді. Одан кейін де «Алматы телефильмінің» қабырғасында жүріп бірнеше творчестволық портреттер (А.Әшімовтың, Ф.Шәріпованың және т.б.) жасап, көптеген құжаттық фильмдерді дыбыспен әрледі. Қазір ол жәдігерлер Орталық мемлекеттік киноқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатында сақтаулы.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: