Бейжің-2022. Қазақстандық спортшылар қайда тұрып жатыр?

XXIV қысқы Олимпиада ойындарына барған спортшылардың тұрып жатқан жерінен фотолар жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz

Қазақстан делегациясының негізгі бөлігі 27 қаңтар күні таңертең Air Astana-ның арнайы рейсімен келді. Барлық спортшы мен жаттықтырушы рейс алдындағы күндерді карантин жағдайында өткізді. Барлық ұйымдастыру мәселесін Ұлттық олимпиада комитеті өз мойнына алды.

Географиялық ерекшеліктерге байланысты ұйымдастырушылар Олимпиада қатысушыларын орналастыру үшін бірден үш олимпиадалық қалашық құрастырды. Олардың екеуіне Қазақстан делегациясы орналасты.

Бірінші олимпиада қалашығы Бейжіңнің өзінде, Қытай астанасының солтүстігінде. Мұнда шорт-трек және конькимен жүгіруден қазақстандық командалар орналасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аумақта жайлы тұруға, жаттығу жасауға және демалуға барлық жағдай жасалған. Қалашықта дүкендер, кафелер мен банкоматтар бар.

Шорт-трек құрамасы жетекшілерінің бірі Абзал Әжғалиев Instagram желісінде Бейжіңдегі Олимпиада қалашығындағы бөлмелер қандай екенін көрсетті.

Сурет: Facebook/Abzal Azhgaliyev

Абзал Әжғалиев жариялаған фотоларға қарап, спортшылар ыңғайлы төсек-орынмен, жайлы бөлмемен, сонымен қатар керек-жарақтармен де қамтылғанын көруге болады.

Сурет: Facebook/Abzal Azhgaliyev

Қазақстан құрамасының тағы бір бөлігі Чжанцзякоу тау шаңғысы курортындағы Олимпиадалық қалашыққа орналасты. Бұл қалашық Бейжіңнен 180 шақырым жерде орналасқан. Мұнда шаңғы спортшылары тұрып жатыр.

Сурет: Zakon.kz

Қазақстандық делегация мүшелері Чжанцзякоуда қалай тамақтанып жүргенін көрсетті. Олимпиада қалашығында спортшылар мен жаттықтырушылар бөлек кабиналарда тамақтанады. Шамасы мұндай кабиналар COVID-19 вирусын жұқтырып алмау үшін ғана емес, тамақтану кезінде алаңдамау үшін жасалған сияқты.

Сурет: Facebook/Askar Valiyev

Сурет: Facebook/Askar Valiyev

Еске сала кетейік, Қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты Бейжіңдегі "Құс ұясы" стадионында 4 ақпанда өтеді. 2022 жылғы қысқы ойындарға тоғыз спорт түрінен 34 қазақстандық спортшы қатыспақ.

Бейжің Олимпиадасының барлық қатысушысы мен делегаты пандемияға байланысты ұйымдастырылған шараларды қатаң ұстанып жүр. Оның үстіне олимпиада қалашығында тұратындардың медиа қонақүйлерде тұратындармен байланысы шектелген. Қатысушылар арнайы автобуспен ауылдар мен олимпиада нысандары арасында олимпиада жолағы бойымен жүре алады.

Қазақстан Қытай
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: