Сондай-ақ, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы ұпай саны бойынша жалпыкомандалық есепте Азия чемпионатында көш бастады. Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша "классиктер" барлығы 180 ұпайға ие болған. Иран құрамасы екінші болса, Қырғызстан балуандары үздік үштікті түйіндеді, делінген olympic.kz сайтында.
Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды 130 келіде белдескен Әлімхан Сыздықов салды. Ол финалда Оңтүстік Корея спортшысы Ким Минсокты таза жеңіспен ұтты.
Жарысқа ширек финалда қосылған ол Роман Кимді, жартылай финалда жапониялық Арато Сонададан айласын асырған болатын.
Жарыстың екінші күнінде Мейіржан Шермаханбет әдемі күрес көрсетіп, 67 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді. Финалда екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы Рю Хан Суды (Оңтүстік Корея) кілемге екі рет алып ұрып, уақытынан бұрын 11:3 есебімен жеңіске жетті.
Жеңіл салмақта сынға түскен Аманғали Бекболатов финалда жапониялық Ю Шиотанимен белдесті. Екеуара кездесу 13:2 есебімен жапониялық балуанның еншісіне шешілді.
Ұлан-Батор бозкілемінде Мирамбек Айнағұлов Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. 63 келінің алтынын сарапқа салған отандасымызды шешуші белдесуде Тынар Шаршенбеков тоқтатты.
77 келіде Мақсат Ережепов қырғызстанның атақты балуаны, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ақжол Махмұдовпен белдесті. Ақтық кезеңде қазақстандық спортшы 3:1 есебімен қарсыласынан жеңіліп қалып, құрама қоржынына үшінші күмісті әкелді.
Сурет: olympic.kz
Сурет: olympic.kz
Осылайша, бас бапкер Серік Жұмашев баптаған грек-рим күресінен ұлттық құрама ұландары Азия чемпионатын тоғыз 9 медальмен Азия чемпионатын аяқтады. Ұлан-Батор бозкілемінде 21-22 сәуір күндері бұрымды балуандар өзара мықтыны анықтайтын болады.
Сурет: olympic.kz