Жарыстың үшінші күні қазақстандық жасөспірімдер айды аспанға шығарып, әлем чемпионы – Италия құрамасын тізе бүктірді.
Кортқа кеше Аргентина құрамасымен сәтті ойнаған Даниэль Тазабеков алғашқы болып шығып, Сальваторе Тартальонемен шеберлік байқасты. Бірінші партияда Даниэль қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Екінші сетте бесінші геймде брейк жасап, сол басымдылығынан айрылмады – 6:3.
Заңғар Нұрланұлы мен Антонио Марильяно аса тартысты бәсеке өткізді. Бірінші партияда италиялық спортшы басымдылық танытты – 6:4. Екіншісінде де ол 3:1 есебімен алға кетті. Дегенмен, Заңғар таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті өз пайдасына жазды – 6:4. Үшінші, шешуші партияда сегізінші геймде қазақстандық теннисші брейк жасай алды – 5:3. Содан кейін өзі доп бергенде, нүкте қоя білді – 6:3.
Осылайша, әлем чемпиондарын ұтқан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тарихында алғаш рет дүниежүзілік доданың ширек финалына шығып, үздік сегіз команданың қатарына енді.