Бұл кездесудің тағдыры бірінші таймда ашылды, ағылшындар Иран командасының қақпасына үш жауапсыз доп салып, ойын қорытындысын алдын-ала анықтады. Иран қақпасына алғашқы допты мундиалдың ең қымбат ойыншысы, Англия мен Дортмунд Боруссиясының 19 жастағы жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем соқты. Көп ұзамай Букайо Сака мен Рахим Стерлинг нәтижені үстемелей түсті.
Өз жоспарларын ойдағыдай орындаған Гарри Саутгейттің шәкірттері екінші таймда арқаны кеңге салып, ойынды жалғастырды. Маркус Рашфорд, Букайо Сака (дубль) және Джек Грилиштің арқасында тағы үш гол соғылды.
Ирандықтар ағылшындарға Мехди Таремидің дублымен жауап берді. Нәтижесінде Англия 2022 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынды 6-2 есебімен түйіндеп, үш ұпаймен В тобына көшбасшылық етті.
Айта кетсек, Иран құрамасының негізгі қақпашысы Алиреза Бейранванд ауыр жарақат алып, британдықтармен кездесудің басында алаңнан кетуге мәжбүр болды. Қақпашы өз командасындағы футболшымен бетпе-бет соқтығысып, миы шайқалған. Оның орнын Хоссейн Хоссейни басты.
Англия-Иран матчында тіркелген қызықты фактілерге тоқталсақ, ирандық қақпашының жарақатына байланысты бірінші тайм бір сағатқа жуық уақытқа созылды. Бұл ойынның төрешісі бразилиялық Рафаэль Клаус негізгі уақытқа қосымша 14 минут қосты, бірінші таймға барлығы 59 минут кетті. Бұл - әлем чемпионаттары тарихындағы ең ұзақ уақыт.
В тобының екінші кездесуінде 21 қарашада кешке Уэльс пен АҚШ құрамасы алаңға шығады.