XIX жазғы Азия ойындары 2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Азия ойындарын Қытайда өткізу туралы шешімді 2015 жылдың 16 қыркүйегінде Азия Олимпиадалық Кеңесі (АОК) қабылдаған. Ойындар бастапқыда 2022 жылдың 10-25 қыркүйегінде өтеді деп жоспарланған еді, бірақ COVID-19 пандемиясына байланысты OCA Ханчжоу 2023 жылға шегергенін жариялады.
Осы ауқымды жарысқа Қазақстан құрамасының ту ұстаушылары тағайындалды: боксшыларымыздың капитаны – Асланбек Шымбергенов пен "спорт патшайымы" өкілі, биікке секіруші – Надежда Дубовицкая
Асланбек Шымбергенов 1993 жылы 9 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол бокстан қазіргі әлем чемпионы, Азия чемпионы және 2018 жылы Джакартада өткен жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Надежда Дубовицкая 1998 жылы 12 наурызда Семейде дүниеге келген. Ол өз мансабында әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы және жүлдегері, құрлық рекордының иегері атанды.
Жақында бүкіл әлем Қытайдағы Азия ойындарында Қазақстанның туын, спортшыларымыздың шеберлігі мен жеңіске деген жігерін көреді. Ал Ханчжоудың "алтынына" басты үміткерлердің бірі – Асланбек Шымбергенов пен Надежда Дубовицкая. Жазғы Азия ойындарының басталуына 37 күн қалды.
19-жазғы Азия ойындарында барлығы 474 медаль жиынтығы ойнатылады. Оның 381-і олимпиадалық спорт түрінен, 93-і олимпиадалық емес спорт түрінен. Жарыстар 61 спорт түрі бойынша өтеді, оның 45-і олимпиадалық, 16-сы олимпиадалық емес спорт түрлері.