Қазақстанның көшбасшы теннисшілері Елена Рыбакина мен Александр Бублик алғашқы күні-ақ кортқа шығады.
Теннис додасын Астана уақытымен сағат 21.00-де әлемнің 27-ракетасы Александр Бублик пен қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте 81-орында тұрған аустриялық, 2020 жылғы US Open чемпионы Доминик Тим ашпақ.
Қарсыластар осыған дейін 2019 жылғы Ролан Гаррос турнирінде кездесіп, онда аустриялық спортшы 6:3, 6:7 (6:8), 6:3, 7:5 есебімен басым түскен-ді.
Доминик Тим жарақатына байланысты 2021 жылдың жазынан 2022 жылдың көктеміне дейін ойнаған жоқ. Оның кортқа қайта оралуы оңайға түспей, бастапқы жеті матчында жеңіліп қалды. Биыл ол Уимблдоннан кейін Аустрияда өткен Китцбюль АТР 250 жарысының финалына дейін жетті.
Александр Бублик Германиядағы Галле АТР 500 турнирінде жеңімпаз атанып, Уимблдонда біршама сәтті өнер көрсеткеннен кейін Вашингтон (АҚШ) мен Торонтода (Канада) алғашқы айналымнан аса алмады.
Қазақстандықтар әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакинаға үлкен үміт артып отыр. Өткен жылы бастапқы кездесуінде-ақ күтпеген жерден ұтылып қалған Рыбакинаның биылғы қарсыласы оңай шағылатын жаңғақ емес. Әлемнің 39-ракеткасы, украиналық, 21 жастағы Марта Костюк жыл басында Аустралияның Аделаида қаласында 1/8 финалда Еленаны 6:7 (5:7), 6:2, 6:3 есебімен жеңіп кеткен.
Бұл ойын 29 тамызға қараған түні шамамен сағат 00.15-те басталады. Оның уақыты алдағы бәсекелердің қашан бітуіне байланысты.
Бублик те, Рыбакина да бастапқы кездесулерін АҚШ ашық чемпионатының үшінші корты болып саналатын, 8 мыңнан астам жанкүйер сыятын Grandstand аренасында өткізеді. Қос спортшы қарсыластарынан қарымта қайтара ала ма, оны алдағы ойындар көрсетеді.
Жекелей сында Қазақстаннан сондай-ақ Юлия Путинцева мен Тимофей Скатов өнер көрсетеді. Олар жарыстың екінші күні додаға қосылады. Рейтингте 78-орындағы Путинцеваның қарсыласы – әлемнің 58-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизан. Ал іріктеу сайыстарынан негізгі турнирге өткен Скатов әлемнің 13-ракеткасы, аустралиялық Алекс Де Минаурмен сынға түседі.