Ол өзінің үндеуін 11 қарашада Instagram-дағы парақшасында жариялады.
"Стадионда, экран алдында, хабарламалар мен жылы сөздер арқылы білдірген керемет қолдауларыңыз үшін әрқайсыңызға алғыс айтамын. Мен Қазақстанды танытып, сіздерге қуаныш пен жеңіс сыйлағаныма мақтанамын", - деп жазды спортшы.
Рыбакина, әсіресе, тенниспен айналысатын балалардың көбейіп келе жатқанына қуанатынын айтты.
"Егер менің ойыным сіздерді армандауға, еңбектенуге және өзіңізге сенуге шабыттандырса — бұл менің ең үлкен жеңісім", - деді ол.
Теннисшінің айтуынша, алда оны қысқа демалыс және келесі маусымға дайындық күтіп тұр.
"Жеңістер мен қиын сәттерде әрдайым менімен бірге болғандарыңыз үшін рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз — менің тірегім. Кортта кездескенше! Алға, Қазақстан!", - деп қорытындылады Елена.
Айта кетейік, Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирін жеңіп алған Азиядағы тұңғыш теннисші атанды. Бұған дейін қытайлық Ли На (2013 жылы) мен Чжэн Циньвэнь (2024 жылы) финалға дейін жеткенімен, жеңіске жете алмаған еді.
Жақын күндері Рыбакинаға III дәрежелі "Барыс" ордені табысталмақ.