Кездесудің тағдыры алғашқы 45 минутта-ақ шешілді. Бұл аралықта Мұхамеджан Сейсен өз қақпасынан төрт бірдей доп алып шықты.
Алматылық клуб сапында матчтың басты қаһарманы Жоржиньо болды. Ол есеп ашып қана қоймай, дубль авторы атанды. Португалиялық ойыншының екі голының арасында "Қайраттың" үздік сұрмергені Дастан Сәтпаев та қарсылас қақпасын дәл көздеді.
Ал бірінші таймның соңына таман "сары-қаралардың" капитаны Александр Мартынович нүкте қойып, есепті 4:0-ге жеткізді.
Екінші таймда "Астана" есепті өзгертуге қауқар таныта алмады.
Рафаэль Уразбахтин баптайтын "Қайрат" бұл кездесуде стратегиялық тұрғыдан аса маңызды жеңіске жетіп, елордалық клубтың чемпиондық жарыстағы қарқынын бәсеңдетті.
Ал Григорий Бабаян жетекшілік ететін "Астана" Алматыдағы ауыр жеңілістен кейін турнирлік кестеде жүлделі үштіктен шығып, бесінші орынға сырғыды.
Өз кезегінде "Қайрат" 10 ұпай жинап, қайтадан чемпионат көшін бастады. Екінші орынға өз алаңында "Тобылды" 1:0 есебімен ұтқан "Елімай" көтерілді.