Қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаев іріктеу жарысының бірінші айналымында өнер көрсетті.
ATP әлемдік рейтингінде 503-орында тұрған 25 жастағы қазақстандық теннисші ұйымдастырушылардың арнайы шақыртуын (wild card) алып, іріктеу кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Бірінші айналымда Жұқаевтың қарсыласы әлемдік рейтингте 98-орында тұрған және іріктеу кезеңінде екінші нөмірмен тіркелген австралиялық Адам Уолтон болды.Кездесу австралиялық теннисшінің пайдасына 6:1, 7:5 есебімен аяқталды.
Матч 1 сағат 28 минутқа созылды.Ойын барысында Жұқаев 13 эйс жасап, үш қос қателік жіберді және бірінші доп берудегі ұпайлардың 69 пайызын жеңіп алды.
Сонымен қатар қазақстандық теннисші үш брейк-пойнттың біреуін сәтті пайдаланды.Осылайша, Бейбіт Жұқаев Almaty Open ATP 250 турниріндегі өнерін аяқтап, жарыстың негізгі кезеңіне өте алмады.