Бұл туралы 2026 жылғы 19 қазанда Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жаңартылған рейтингте ұлттық құрама 354 ұпай жинап, Франция (310 ұпай) мен Швейцариядан (296 ұпай) озып кетті. Алғашқы бестікке Италия (286 ұпай) мен Украина (280 ұпай) да енді.
Тарихи жетістік қазақстандық семсершілердің ірі халықаралық жарыстардағы сәтті өнер көрсетуінің нәтижесінде мүмкін болды.
"2025 жылғы қарашада құрама Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында жеңіске жетті. 2026 жылғы маусымда Үндістанның Нью-Дели қаласында Азия чемпионы атанды, ал шілдеде Қытайдың Гонконг қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Сондай-ақ биыл күзде семсершілеріміз Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өткен Азия ойындарында жеңіске жетті", – деп атап өтті ҚР ҰОК баспасөз қызметі.
Жаңа маусым басталар алдында Қазақстан әлемдік рейтингте үшінші орында болып, Швейцария мен Франциядан кейін тұрған еді. Құраманың бірінші орынға көтерілуіне Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогы кезеңіндегі жеңісі ықпал етті. Қазақстандық спортшылар алтын медаль жеңіп алып, 2026/2027 жылғы маусымды сәтті бастады.
Айта кетейік, семсерлесуден шпагамен сайысқа түсетін Қазақстанның ерлер құрамасы финалда Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңді. Ұлттық құрама сапында Александр Федотов, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов өнер көрсетті.