Белгілі журналист, бүгінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт "Ең алғашқы" бағдарламасына келіп, ақтарыла сұхбат берді.
Бұрынғы күйеуі, жалғыз ұлының әкесі Владимир Рерих туралы тележүргізуші былай деп пікір білдірді:
Ол (ред.еск. – В.Рерих) – менің журналистикадағы ұстазым. Мен "Хабарда" жұмыс істегеніме 4 жылдай болған кез. Ол кісі бірінші болып сезімін білдірді. Мен қалай көңіл білдірем ол кісіге? Ол кісі отбасылы. Ол кісінің маған көңілі, ниеті барын ұқтым. Бірақ бірден айттым. "Мен көңілдес болуға жарамаймын". Мен ондай қарым-қатынастарда нюанс бар дегенді түсінбеймін. Мен үшін не ақ, не қара болуы керек. Сонда ғана ол кісі басы босады. Содан кейін біз қосылдық.Алайда 15 жыл күтіп, балалы болған жұптың бақыты баянды болмады. Владимир Рерихпен қалай ажырасқанын Дана Нұржігіт өз сұхбатында айтып берді.
Өйткені мен, ол өзгерді, уақыт өзгерді. Біздің ортамыз өзгерді деп те айтуға болады. Иә, өйткені ол кезде мен балалы болдым ғой. Ол балалы келіншекке ондайды айтуға дәті бармады, өйткені Әлім тіпті кішкентай болды ол кезде. Мен өз еркіңде дедім, мүсәпір болғым келмейді, сұраушы болғым келмейді, өз күнімді өзім көре аламын дедім. Мен ешкімді қол жаюға, өзімнің өмірімді сондай жағдайға жеткізуге жол бермеймін. Ол жағынан мен өте намысты адаммын. Қалауың басқа адам болатын болса, бара ғой. Міне босаға, табалдырықты атта да, өміріңнің келесі кезеңіне өте бер дедім, - деді ол.Ажырасу қашан да үлкен трагедия. Ажырасудан кейін ондай күйзеліске Дана Нұржігіт те тап болған. Алайда өмірдің барлық қиын кезінде Дана Нұржігіт "Алла денсаулық берсін, Алла кәсібімнен айырмасын" деп тілейтінін айтты.
Әкесін ерекше жақсы көрген Дана кішкентайында әкесінің көк көйлегін үйдің ішінде тастамай алып жүріп, сол көк көйлекті иіскеп ұйықтайды екен.
Ол көк көйлек табылмаса, ұлан-асыр жылау болатын. Ана көйлек табылғанша, ол тыныштық таппайтын. Көйлекті тапқаннан кейін тұмсығына тығып, ұйықтап қалатын, - деп еске алды әпкесі Зәбида Нұржігітова.1989 жылы әкесі Өмірбай Нұржігітов қатты науқастанады. Өкініштісі, жаман ауруға шалдыққан әкесі уақыт жоғалтып алған екен. Осы кезде КСРО дарынды балаларды іріктеп, АҚШ-қа мюзикл қоюға аттандырады. Іріктеуге қатысқан Дана Нұржігітова бірден өтеді.
Папасының ауырғанын айтпастан, баланы Америкаға шығарып салдым. Америкада Дана 40 күн болды. 40 күн әкесі күтіп жатты. Қызым Америкадан келгеннен кейін 20 күнге жетпей, әкесі қайтыс болды. Дана қатты күйзелді. "Мен неге кеттім Америкаға" деп жылады. Дана есейіп кетті, - дейді анасы Күнсұлу Ераханқызы.Көз жұмар алдында әкесі отбасын үйдің үлкені деп Дана Нұржігітке аманаттаған.
Әкем жаман аурудан бір түнде жатып қалды. Дәрігерлерге қаралғанда кешігіп қалғанымызды айтты. 4 айдан кейін өмірі үзіледі деді. Айтқандай-ақ болды. Әкемі ағартушылық, қайраткерлік жолда жүрген кезде жалындап келе жатқан жастың ерте үзілгені менің жүрегімді жылатады. Өйткен әкеммен жасты азаматтардың саясатта жүргенін көргенде, менің әкем осылардан кем болмас еді ғой деймін. Бірақ әкемнің қолындағы түскен байрақты орта жолдан көтеріп, мен алып кеткендей боламын, - дейді Дана Нұржігіт.36 жасында жесір қалған анасы екінші рет тұрмысқа шықпай, балаларын өсіріп, жетілдірген.
Әкем анама өлерінің алдында "екі жыл төсегімді таза ұста, одан кейін тұрмысқа шық" деп рұқсатын берген екен. Бірақ анам тұрмысқа шықпады. 36 жас деген тым ерте жас. Бірақ тұрмыс туралы ойлаған жоқ. Бірақ соңғы жылдары Қанат Құлымжанов деген азаматпен бас қосты. 2018 жылдың желтоқсан айында анамның туған күнінде Қанат ағамыз салтанатты түрде сөз салып, асқан мәдениеттілікпен көңіл білдірді. Солайша бір-біріне тіреу болып отыр. Ол кісі театрда жұмыс істеген. Әкем секілді өнер адамы. Алматыда Наурызбай ауданында ардагерлер хорының жетекшісі. Біздің ешқандай қарсылығымыз болған жоқ. Керісінше ол кісіге арнайы алғасымды айтқым келеді, - деді тележүргізуші.