Сауда министрі Ауғанстан әкімшілігінің өкілдерімен кездесті

Қазақстандық сауда-экономикалық миссиясының делегациясын ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Ауғанстанға бастап барды, деп хабарлайды Zakon.kz

Делегация құрамына ҚР Сауда және интеграция министрлігінің (ҚР СИМ) қызметкерлері, экспортты ілгерілету жөніндегі оператор – QazTrade компаниясы және бірқатар қазақстандық экспорттаушы компаниялардың өкілдері бар, деп хабарлайды ҚР СИМ баспасөз қызметі.

Сапар барысында министр Сұлтанов пен премьер-министрдің орынбасарының міндетін атқарушы Абдула Салам Ханафи, Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Амир Хан Муттаки, сауда және өнеркәсіп министрінің міндетін атқарушы Нуриддин Азизи сынды Ауғанстан әкімшілігінің өкілдерімен арада келіссөздер өтті.

Бақыт Сұлтанов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, еліміздің Ауғанстанға 5 мың тонна ұн түрінде гуманитарлық көмек бөлгенін хабарлады.

Бүгін біз қосымша 1,5 тонна жүк (дәрі-дәрмек) әкелдік. Сонымен қатар, Қазақстаннан шамамен 155 тонна көлемінде немесе 1,9 млн доллар сомасына азық-түлік пен дәрі-дәрмек салынған гуманитарлық жүк жолданды. Ол жақын күндері Ауғанстанға келіп қалады. ҚР Сауда министрі Бақыт Сұлтанов

Сондай-ақ Бақыт Сұлтанов ауған әкімшілігі өкілдеріне Қазақстан БҰҰ-ның Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеру жөніндегі шараларға толық қолдау көрсетіп, белсенді қатысып отырғанын жеткізді. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 20 мың тонна қазақстандық ұнды сатып алды.

Біздің еліміз, көптеген халықаралық серіктестер сияқты белсенді шиеленіс кезеңі аяқталып, шиеленістен кейінгі елді қалпына келтірудің уақыты келді деп үміт білдіреді. ҚР Сауда министрі Бақыт Сұлтанов

Сурет: ҚР СИМ баспасөз қызметі

Қазақстандық делегация қос тараптың айналымдағы екіжақты сауда-саттық көлемін де, сондай-ақ тауарлар тізбесін де сақтап, оны ары қарай өсіруге мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан дәстүрлі түрде Ауғанстанға ұн мен астықты жеткізуші басты тасымал ел болып табылатыны атап өтілді. Қазақстандық ұн экспортының жартысынан астамы және астық экспортының 10%-дан астамы тек Ауған нарығына бағытталып отырады.

2021 жылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 345,9 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 27,5%- ға төмен ($477,1 млн). 2021 жылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстаннан Ауғанстанға тасымалданған экспорт 28,1%-ға төмендеп, 342,2 млн долларды құрады, 2021 жылғы қаңтар-қазан айларында жеткізілген импорт 3,2 есе өсіп, 3,7 млн долларды құрады. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2020 жылы 622,6 млн. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 54,9%- ға артық (401,8 млн ). 2020 жылы Қазақстанның Ауғанстанға экспорты 55,6%-ға өсіп, 620,7 млн долларға жетті. Өсім бидай мен бидай ұнын тасымалының артуымен байланысты болды.

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тауар айналымы номенклатурасын кеңейту мүмкіндігіне назар аударды. Мәселен, Ауғанстанға экспорттық әлеуетте есептелген 360 млн доллардың 45 түрлі тауары бар, бұл - тамақ, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, ағаш өңдеу сияқты салалардың өнімдері.

Екі тарап бұл тауарларды екіжақты сауда айналымына қосу Қазақстан үшін де, Ауғанстан үшін де тиімді болатынын, сондай-ақ екіжақты сауда айналымының артуына ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан өкілдері Ауғанстаннан жемістер мен көкөністерді сатып алуға дайын екендіктерін жеткізді.

Сурет: ҚР СИМ баспасөз қызметі

Сондай-ақ қазақстандық тарап екі ел арасындағы сауда теңгерімін теңестіру қажеттігіне назар аударды. Қазақстан құрған трансшекаралық ынтымақтастық орталықтары, оның ішінде "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағы қазақстандық және ауған бизнесінің өнеркәсіптік кооперациясы құралдардың бірі бола алады.

Сапар барысында Бақыт Сұлтанов қазақ-ауған бизнес форумына қатысты. Қазақстандық тараптан іс-шараға 16 азық-түлік, жиһаз және тоқыма өнімдерін өндірушілер қатысты.

В2В кездесулері мен бизнес-форумының қорытындысы бойынша Ауғанстанға макарон өнімдерін, ұн және басқа да өнімдерді жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылды.

Ауғанстан Сұлтанов Бақыт
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: