Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысында 5 қаңтар сағат 01:30-дан бастап 19 қаңтар сағат 00:00-ге дейін төтенше жағдай енгізілді.

Маңғыстау облысының коменданты болып Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Телібекұлы Бақтыбаев тағайындалды.

Төтенше жағдай кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер енгізілді:

1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;

2) Маңғыстау облысында жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгіленсін;

3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етілсін;

4) Маңғыстау облысына кіру, сондай-ақ одан шығу шектелсін;

5) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынсын;

6) ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынсын;

7) қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режимі белгіленсін;

8) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етілсін.

Жарлықтың толық мәтінін мына жерден оқи аласыздар.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: