Бұл туралы ҚР Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлайды.
Премьер-министр ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровты таныстыра отырып, бұл ведомства Үкімет құрылымындағы негізгісі болып табылатынын айтты.
Сіздің министрліктің алдында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа саясатын іске асыру бойынша үлкен міндеттер тұр. Мемлекет басшысы экономикалық даму сапасын және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған терең құрылымдық экономикалық реформалар жүргізу бойынша міндеттер қойды. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов
Энергетика министрлігінің ұжымының алдында сөйлеген сөзінде Үкімет басшысы мұнай өнімдерінің, газдың және электр энергиясының тапшылығына, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу қажеттігін атап көрсетті.
Геологиялық барлау, мұнай-газ химиясы мен атом өнеркәсібін дамыту, сондай-ақ ірі мұнай-газ жобаларын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет, — деді Смайылов энергетика министрі Болат Ақшолақовты таныстыра отырып.
Премьер-министр индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевты таныстырды.
Сіздің министрліктің алдына өнеркәсіпті, құрылысты, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бойынша өте ауқымды міндеттер қойылды. Еліміздің одан әрі экономикалық өсуі және өңірлердің бірыңғай дамуы үшін жақында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қабылданды, оның шеңберінде республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау бойынша басым жобалар айқындалды. Бұл жұмысты сапалы және уақытылы жүргізу қажет. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің өсімін 2025 жылға қарай 1,5 есеге жеткізуді тапсырды. Импортты алмастыру, экономиканың бәсекеге қабілетті салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстарын күшейту қажет.ҚР Премьер-министрі
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятты таныстыра отырып, Үкімет басшысы еліміздің медицина қызметкерлері пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде тұрғанын атап өтті.
Қазір бүкіл әлемде ауруды жұқтыру өсімінің жаңа толқыны байқалады. Жағдайды нақты бақылауда ұстап, аурудың одан әрі таралу сценарийлерін дұрыс құрып, мониторинг жасау қажет. Отандық денсаулық сақтау жүйесін дамыту деңгейін одан әрі арттырып, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту қажет. Әлихан Смайылов
Премьер-министр ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаровты таныстырды.
Министрлікке азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылы, ұлтаралық қатынастарды нығайту бойынша үлкен жауапкершілік жүктелген. Қазір бұл бұрын-соңды болмаған маңызға ие. Діни және конфессияаралық келісім мәселелері жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Жастарымыздың деструктивті ағымдарға тартылмауы маңызды, — деген Смайылов жастар саясатына, отбасы және ақпараттық саясатқа баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Үкімет басшысы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевты таныстыра отырып, отандық спортты дамытуда соны серпіліс жасаудың, мәдениет пен туризм саласын одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Премьер-министр әділет министрі Қанат Мусинді таныстырды.
Әділет министрлігінің алдында мемлекетті құқықтық қамтамасыз ету бойынша тиімді жұмыс істеуді одан әрі жүзеге асыру, заң жобалау қызметінің сапасына және оны үйлестіруге баса көңіл бөлу, Үкіметтің биылғы Заң жобалау жұмыстарының жоспарын нақты орындау міндеті тұр. Мемлекет басшысы көтерген құқық қорғау саласын кешенді жаңғырту мәселесін шешуге ерекше назар аудару қажет. Әлихан Смайылов