Үкімет басшысы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Айдар Әріпхановқа Холдинг басшысы ретінде атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді, делінген ресми сайт хабарламасында.
Премьер-министр Холдингтің жаңа басшысы Қанат Шарлапаевты таныстыра отырып, оның әлемдегі ірі инвестициялық банктердің бірі – «Сити» құрылымдарындағы үлкен басқарушылық жұмыс тәжірибесін атап өтті.
«Бәйтерек» алдына маңызды міндеттер қойылды. Бірінші кезекте, бұл – қаржыландырудың қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру, экономиканың шикізаттық емес секторларын, АӨК және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Мемлекет басшысы аталған бағыттарға баса көңіл бөледі және Холдинг жұмысынан тиімді нәтиже күтеді», — деді Смайылов.
Қанат Шарлапаев 1981 жылы Саратов облысында дүниеге келген.
Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін (РФ), Cranfield School of Management (Ұлыбритания) бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы банк секторында бастады.
2006-2008 жылдары «Сити» инвестбанкінің (Ұлыбритания, Чехия) өңірлік кеңсесінің қаржы департаментінде, жобаларды басқару департаментінде, операциялық-технологиялық департаментінде, сату басқармасында жұмыс істеді.
2008-2014 жылдары — «Сити» инвестбанкінде (Лондон, Ұлыбритания) аға талдаушы, вице-президент көмекшісі, акциялар нарығындағы жұмыс жөніндегі өңірлік дивизионның вице-президенті.
2014-2015 жылдары — «Сити» инвестбанкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша стратегиялық жоспарлау және талдау өңірлік тобының вице-президенті (Лондон, Ұлыбритания).
2015-2017 жылдары — «Ситибанк Қазақстанның» бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті.
2017-2020 жылдары — Ресей Ситибанкінде Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, аға вице-президенті.
2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Сити» инвестбанкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры қызметін атқарды.