Үкіметте халықты дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселелері қаралды

Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Отырыста дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету және көлік мәселелері қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету туралы ақпарат берді.

Қазір республиканың 8 өңірінде - Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Түркістан облыстарында 5 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттарды тұрақтандыру қорлары жұмыс істейді. Ажар Ғиният

Қалған 9 өңір бойынша ірі көтерме дәріхана қоймаларында дәрілік заттар қоры жасалған. Ведомство басшысы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге байланысты мәселелер ерекше бақылауда екенін хабарлады. Қазақстандық делегацияның Әзербайжан мен Грузияға сапарының қорытындысы бойынша бірлескен құжатқа қол қойылды.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев құжаттың негізгі мақсаты Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тығыз ынтымақтастықты дамыту және бірыңғай логистикалық компания құру екенін атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арасындағы бұл бастамаға Түркия Республикасы қосылуға ниетті. Аталған бағыт бойынша жүк тасымалдау туралы «Қазақстан Темір Жолы» АҚ» ҰК басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев баяндады. Ол бүгінгі таңда жүктердің негізгі номенклатуралары (көмір, кокс, ферроқорытпалар және т.б.) бойынша вагондар мен контейнерлер арқылы тасымалдауға арналған кешенді тариф мөлшерлемесі бекітілгенін атап өтті.

Сонымен қатар, Сауранбаев бұған дейін «Атамекен» ҰКП мәлімдегендей, қытай тарапының теміржол тасымалы тарифтерін едәуір өсіргеніне қатысты ақпараттың расталмағанын хабарлады.

Бүгінге дейін күнделікті өткізіліп келген Жедел штаб отырыстарын енді бизнес-қауымдастықтың өтініші бойынша олардың сұрақтарының келіп түсуіне қарай аптасына екі рет өткізуге шешім қабылданды.  Жедел штабтың келесі отырысы 17 наурызда өтеді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: