Су тасқынына қатысты Ақтөбе және БҚО-да күрделі жағдай қалыптасып отыр — ҚР ТЖМ

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов биылғы су тасқыны кезеңінің мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Үкіметі басшысының ресми ақпараттық ресурсында аталып өткендей, кеңесте Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, бүгінгі таңда Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында күрделі жағдай қалыптасып отыр. 

Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының 8 елді мекенінде 184 тұрғын үй және 72 саяжай үйлері, 2 әлеуметтік нысан еріген қар суының астында қалды.

ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қарағанды облыстарындағы 184 үйден, Ақтөбе қаласындағы 17 саяжай үйінен, сондай-ақ 2 әлеуметтік нысаннан су шығарылды. Су басқан 57 саяжай үйі бақылауда тұр. Бүгінде Қазақстан өңірлерінде 969 адам эвакуацияланды, олардың 493-і уақытша паналау пункттерінде, 476-сы туыстарының үйлеріне орналастырылды. Юрий Ильин

ТЖМ басшысының айтуынша, Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар жолдың бір учаскесін, облыстық және жергілікті маңызы бар 12 учаскені су басты, жергілікті маңызы бар автожолдардың 15 учаскесін су шайып кетті және Ақтөбе облысындағы бір көпір қирады. Апаттық-құтқару жұмыстарына 2 мыңнан астам адам, 500 техника, су сорғыш құралдар мен жүзу құралдары жұмылдырылды.

Су тасқыны жағдайының күрделенуіне байланысты Батыс Қазақстан облысына Маңғыстау және Атырау облыстарынан ТЖМ қосымша құтқару бөлімшелері, жеке құрамнан 92 адам, 13 бірлік техника, жүзу құралдары мен мотопомпалар жіберілді.

Ильиннің айтуынша, орын алған жағдайға ауа-райының күрт жылынуы ықпал етті, бұл қардың тез еруіне және егістіктерден еріген қар суларының келуіне себеп болды. Тек соңғы аптада елдегі қар жамылғысы 60-тан 40%-ға дейін төмендеді.

Соңғы жылдары климаттың өзгеруіне байланысты елімізде болып жатқан процестер су тасқыны жағдайына түбегейлі әсер етеді, өйткені соңғы 50 жыл және одан да көп уақыт бойы су басу мәселесі болмаған елді мекендерде су басу жағдайлары тіркеліп жатыр.

Орын алған жағдайдың негізгі себептері — қардың уақытылы шығарылмауы, су өткізу құрылыстарының, дренаждық немесе арық жүйелерінің жеткіліксіз тазалануы, инертті материалдар қорының дайын болмауы.

Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі өңірлерде қалыптасқан су тасқыны жағдайы әкімдіктердің қарды уақытылы шығармауына, каналдар мен арықтардың жеткіліксіз тазартылуына, су тасқынының алдын алу шараларын қаржыландырудың жеткіліксіз болғанына байланысты деді.

Осы орайда Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарының әкімдері қауіпсіз жерге көшірілген азаматтарға тиісті жағдай жасап, еріген қар суын шығару, су астында қалған үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізуі керек.

Таяу күндері ауа температурасы көтеріліп, бірқатар өңірде ахуал одан сайын ауырлай түсуі мүмкін. Осыған байланысты Әлихан Смайылов су тасқынына тұрақты мониторинг пен бақылау жасап, қалыптасқан жағдайға жедел әрекет етуді тапсырды.

Су тасқыны қаупі бар учаскелерге жақын маңға арнайы және инженерлік техниканы, құм салынған қаптарды жеткізу қажет. Сондай-ақ су тасқыны кезінде көлік қатынасы шектелуі мүмкін елді мекендерді анықтап, ол жерлерде азық-түлік өнімдері мен ауыз су қорын дайындаған жөн. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов

Экология министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, су қоймаларының жай-күйіне, сондай-ақ су тасқыны қаупі бар өзендердегі жағдайға тұрақты бақылау орнатуы қажет. Қажет болған жағдайда су қоймаларын алдын ала және қауіпсіз босату бойынша шаралар қабылдау керек.

ТЖМ Ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, елді мекендерді су басу және қауіпті аймақтардан эвакуациялау кезінде тұрғындардың тиісті қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ақпараттандыру жұмыстарын жандандыруы тиіс.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов өңірлердің әкімдеріне су тасқыны барысын қатаң бақылауға алуды, келесі жылы су басу қаупін едәуір төмендету үшін 2021-2023 жылдарға арналған Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасын іске асыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: