Баяндама жасаған ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,6%-ды құрағанын хабарлады. Атап айтқанда, пияз 2,9%, қырыққабат 2,8%, құс еті 2,5%, сәбіз 2,3%, қант 1,5%-ға қымбаттады. Өңірлер арасында бағаның ең жоғары өсуі Нұр-Сұлтан (0,9%) және Алматы (0,8%) қалаларында тіркелді, делінген Үкімет басшысы баспасөз қызметінің хабарламасында.
Оның айтуынша, елімізде сауда үстемесін бақылау жұмыстары аясында үй маңындағы 32 308 дүкен тексерілді (қамту – 77%), соның нәтижесінде 358 бұзушылық анықталды. Барлық фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда азық-түліктің (жаңа өнімді есептемегенде 669 841 тонна), оның ішінде сиыр еті, картоп, ұн, жұмыртқа, сүт және т. б. едәуір қоры қалыптастырылған.
Сондай-ақ ҚР Премьер-министрі ӘМАТ бағасының ең жоғары өсімі тіркелген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаевтың және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың, сондай-ақ республика бойынша қырыққабаттың ең жоғары бағасы (килограмына 340 теңге) тіркелген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың есептерін тыңдады.
Кеңесті қорытындылай келе, Әлихан Смайылов бағаны ұстап тұру мәселелері бірінші кезекте маңызды екенін атап өтті.
«Мен бірнеше рет "айналым схемасын" қаржыландыруды арттыруды тапсырдым, алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалмады. Осы айдың аяғына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Бұл көрсеткішті мақсатты деңгейге жеткізбейтін өңірлерде әкімдердің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тиісті шара қолдану туралы ұсыныстар қаралатын болады», — деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлердің басты міндеті күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасу болуы тиіс екенін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірге бағаны ұстап тұру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін жедел түрде тікелей жеткізу үшін өндіріс пен тұтыну теңгерімін тұрақты негізде өзектендіріп отыру тапсырылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз сөйлеген денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «СҚ-Фармация» ЖШС медициналық техникасын орталықтандырылған сатып алуға көшу Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын еске салды.
Биыл жобаны пилоттық режимде іске асыру жоспарланып отыр, ал 2023 жылдан бастап жабдықтарды жергіліктендіру немесе келісімшарттық негізде өндіру бойынша ұзақ мерзімді шарттар жасалады.
Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы бейінді министрлікке әкімдіктер көтерген мәселелерді ескере отырып, орталықтандырылған сатып алу тетіктерін пысықтауды және Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.