Әлихан Смайылов Қазақстандағы сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі бастауын трансшекаралық өзендерден алатынын атап өтті. Өзен суларының тең жартысына жуығы бізге сырттан келеді.
Бұл ретте, сарапшылардың болжауына сай, 2040 жылға қарай Қазақстанда суды тұтыну көлемі 56%-ға өседі, ал су тапшылығы жылына 12 текше километрге дейін жетуі мүмкін. Оның үстіне Қазақстандағы өзендердің тартылып бара жатқаны білінеді. Мұның барлығы еліміздің оңтүстік өңірлерінінің су тапшылығынан зардап шегуіне әкеледі.ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов
Осыған байланысты үкімет басшысы суды тиімді пайдаланудың өте өзекті мәселе болып отырғанын айтты.
Мәселен, ауыл шаруашылығына арналған судың небәрі 60%-ы ғана егіс алқаптарына дейін жетеді. Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді. Сондықтан каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру қажет. Әкімдіктер бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, су шаруашылығы объектілерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жол карталарын уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс. Каналдар мен су қоймаларының меншік иелері өз міндеттерін нақты орындайтын болса, жөндеу жұмыстарын және су ресурстарын басқаруды жетілдіруге мемлекеттік қолдау шараларымен ынталандыру маңызды.Әлихан Смайылов
Үкімет басшысы суармалы суды тиімді бөлу керектігіне назар аударды.
Әкімдіктер суды көп қажет ететін дақыл алқаптарын қысқарту үшін фермерлер арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Суармалы суға тарифті қайта қарап, оны барынша ұқыпты пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды.Әлихан Смайылов