Виза кімдерге беріледі
Қытай Халық Республикасының Нұр-Сұлтан қаласындағы елшілігі мен Алматы қаласындағы Бас консулдығында төменде көрсетілген талаптарға сай келетін Қазақстан азаматтары үшін ҚХР визалары беріледі:
Орталық және мемлекеттік органдардан, провинциялық сыртқы істер кеңселері мен сауда департаменттерінен, ірі кәсіпорындардан немесе муниципалды халық үкіметтерінен ресми шақыру алған тұлғалар.
Қытайдағы құзырлы органдардың келісімімен жұмысқа рұқсат алған тұлғалар, «Z» санатындағы виза алушылар шақыру хаты болмаса да өтініш бере алады.
Қытайға жұмыс істеуге оралған қазақстандықтардың отбасы мүшелері шақыру хаты болмаса да туыстықты дәлелдейтін құжаттар негізінде виза алуға өтініш беруіне болады.
Қытай азаматтарының шетелдік отбасы мүшелері және Қытайда тұрақты тұратын шетелдіктер отбасымен қосылуға өтініш бере алады немесе туыстығын дәлелдейтін құжаттардың негізінде Қытайға келуге виза алуына болады.
Қытайда оқығысы келетін студенттердің нені білгені дұрыс
Сонымен қатар, қытай тарапы 2022-2023 оқу жылына қазақстандық студенттердің Қытай аумағына келіп оқуларын жалғастыруы бойынша өзара тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Студенттерге оқу визасын рәсімдеу үшін «жасыл дәліз» (жеңілдетілген тәртіп бойынша) ашу туралы келісімге қол жеткізілді.Бұдан бөлек, Қытай тарапынан азаматтардың құжаттарын консулдық заңдастыруға қабылдау бойынша келісім алынды. Өтініш берушілер алдымен тиісті құжаттардың сканерленген топтамасын Нұр-Сұлтандағы ҚХР елшілігінің немесе Алматыдағы ҚХР Бас консулдығының электрондық поштасына жіберуі қажет (ҚР азаматының төлқұжаты, ҚР Сыртқы істер министрлігі куәландырған құжаттар, толтырылған сауалнама және т.б.). Электрондық поштаға жіберілген құжаттардың топтамасы дұрыс болса, тиісті консулдық алымды төлеп, құжаттардың түпнұсқасын консулдық бөлімнің мекенжайына жіберу керек. Құжаттарды қарау мерзімі – 7 жұмыс күнін құрайды.
Қытай визаларын алу, сондай-ақ құжаттарды заңдастыру туралы толық ақпаратты Қытай Халық Республикасының Елшілігі мен Бас консулдығының веб-сайттарынан алуға болады.