Роман Васильевичке (Роман Скляр, премьер-министрінің бірінші орынбасары) оның жетекшілігімен бағаны бақылау және жанармай тапшылығын болдырмау жөніндегі тұрақты комиссия құруды тапсырамын. Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен және әкімдіктермен бірлесе отырып, бағаның негізсіз көтерілуі жағдайында тиісті ден қою шарасын қабылдауды қамтамасыз етсін. Сонымен қатар Индустрия министрлігі, «Қазмұнайгаз» және ҚТЖ мұнай өңдеу зауыттарынан мұнай өнімдерін уақытылы жөнелту бойынша шаралар қабылдауы қажет.ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов
Сонымен қатар цифрлық даму және энергетика министрліктеріне дизель отынын жеткізудің тәуліктік лимитін бақылаудың ақпараттық жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды.
Егін жинау науқаны кезінде Энергетика министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, шаруаларды жанар-жағармаймен уақытылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауы керек. Ербол Шырақпайұлы (Қарашүкеев, Ауыл шаруашылығы министрі), егін жинау барысын күнделікті бақылауды жалғастырыңыз.Әлихан Смайылов
Үкімет басшысы биыл астық жинау орташа жылдық көрсеткіштерден жоғары болады деп болжанып отырғанын, сондықтан егін жинауды уақтылы және сапалы өткізу Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің басты міндеті екенін қосты.
Дақылдарды қабылдау және сақтау үшін элеваторлардың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп министрліктері және ҚТЖ ұлттық компаниясы облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, жылжымалы құраммен қамтамасыз ету және логистика мәселелерін шешуді қолға алсын. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, шаруалардың қысқы кезеңдегі сұранысын қанағаттандыру үшін жемшөп қорын оларға тұрақты бағаны сақтай отырып, уақытылы қалыптастыру шарасын қабылдауы қажет.Әлихан Смайылов