Еліміздегі барлық ЖЭС-ті газға көшіруге бола ма – Энергетика министрі жауап берді

Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстандағы барлық жылу электр стансасын газға көшіре салу әзір мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Энергетика министрлігінің басшысы кейінгі уақытта газды тұтынудың артып келе жатқанына тоқталды.

"Қазір газды тұтыну қатты өсіп жатыр. Біздің міндетіміз - нарыққа шығарылатын тауарлық газ өндірісін 2030 жылға қарай 30 миллиард текше метрге дейін жеткізу. Биылғы болжамдарды ескерсек, тұтыну қазірдің өзінде 20 млрд-тан астам. Егер осы газ электр энергиясын өндіруге барынша пайдаланылса, халықтың газды тұтынуы үшін ол жеткіліксіз болып қалуы мүмкін. Сондықтан ең әуелі біз халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету тұрғысынан қараймыз".Болат Ақшолақов

Бұл ретте ол Қазақстанда газ арқылы жұмыс істеп тұрған бірнеше энергетикалық кәсіпорын бар екенін айтты.

"Тағы бір мәселе: Түркістандағы 1000 мегаваттық Қызылорда стансасы, сонымен қатар Алматының энергетикалық орталығын газға көшіру сияқты жобаларды салып, жүзеге асырып жатырмыз. Біз ол жаңа станциялар үшін газды бөліп, есептеп қойғанбыз. Жаңа станциялар электр энергиясының тапшылығын жабу үшін салынуы керек, біз әлі де отандық өндірісті дамыту мүмкіндігіне көбірек көңіл бөліп жатырмыз".Болат Ақшолақов

Сонымен бірге оның айтуынша, газ кен орындарын іздеу бойынша геологиялық барлау жүйелі түрде жүргізіліп жатыр, бірақ әзірге олар нәтиже бермеген.

"Білесіз бе, біз жыл сайын жер қойнауын пайдаланушыларға аукцион арқылы құқық беруге тырысамыз. Егер газдың жеткілікті көлемін тапсақ, онда бағдарламаны өзгертіп, игеруді бастаймыз деп айтуға болады. Бірақ қазір Қызылорда, Түркістан және Алматы энергетикалық орталығынан басқа жаңа ірі газ станцияларына келетін болсақ, ресурстық базаның өсу нәтижесін күту керек шығар".Болат Ақшолақов

Бұған дейін Энергетика министрі қазір тұтынушыларды газға қосу құнын төмендету бойынша ұсыныстар қарастырылып жатқанын айтқан еді.






Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: