Алматыда қоғамдық көлікке арналған жолақ көбейіп, жаңа веложолдар пайда болады
Ең алдымен, маршруттарды оңтайландыру, автобустар мен троллейбустар үшін толыққанды инфрақұрылым құру, сонымен қатар, қарбалас уақытта қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет. Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевтың айтуынша, қазақстандық нормативтер қаланың тар көшелерінде әрдайым мүмкіндік бола бермейтін арнайы қоғамдық көлік жолақтарын құру үшін алты жолақтың болуын талап етеді.
"Алматы үшін арнайы техникалық шарттарды әзірлеп жатырмыз, осы мәселені де қамтығымыз келеді, сонымен қатар жолақтың енін азайтуды ұсынамыз. Қазір оның ені көліктер үшін 3,5 метр, қоғамдық көліктер үшін 4 метр. Көптеген елде жолақтардың өлшемі сәйкесінше 2,7 және 3,1 метр. Қаламыз үшін де осындай параметрді көздеп отырмыз. Содан кейін таңба сызуды өзгерте аламыз, жолда бос жерлер қалады, онда біз қоғамдық көліктер мен веложолдарға арналған жолақтарды жабдықтаймыз", - деп жоспарын бөлісті.
Бұған қоса, Райымбек даңғылында жылдам транзит (БРТ) жобасына ерекше назар аударылады. Автобустар үшін басымдықты қамтамасыз ету үшін екі жолақты (жолдың әр жағынан бір) толығымен қоғамдық көлікке беру, арнайы бағдаршамдар мен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату жоспарға енген. Құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланып отыр.