Астанада лифтіде пышақталған баланың қазіргі жағдайы белгілі болды

КТК телеарнасының хабарлауынша, бес жасар Батырды анасы ауладағы дүкенге жұмсаған екен. Өзі терезеден бақылап отырыпты. Кейінірек бала қан-жоса болып үйіне оралған. Айқай-шудан көршілері де жиналған.
"Батыр жүгіріп кірді, есік ашық тұр ғой. "Мама, мені өлтірді, мені өлтірмек болды" деп. Шошып кеттім, "Не болды, кім тиісті саған, жаңа ғана тыныш келе жаттың ғой" десем, "Мама, балалар алаңы" дейді. "Сол жерде біреу тиісті ме" деп ойладым. Сөйтсем "Анау қашып кетті" деп айта алмай жатыр екен. "Мама, өліп барамын" деп, былай құлап кете береді. Анасы Айнұр
Мойнынан, бетінен бірнеше пышақ жарақатын алған бала жедел ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнына бірден полиция да жеткен. Сөйтсе бүлдіршінге басқа бала пышақ сілтепті. Лифт ішіндегі оқиға бақылау камерасына түсіп қалған.
"Балаға жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған жасөспірім анықталды. Ол заңды өкілімен бірге дереу полицияға жеткізілді. Тергеу аяқталған соң, оны оқшаулау бойынша шара қабылданады. Сонымен қатар оның заңды өкілі баланы тәрбиелеу бойынша міндетін дұрыс орындамағаны үшін жауапқа тартылды". Астана полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетов
Психикалық ауытқуы бар 14 жастағы күдікті енді мәжбүрлі түрде емделуі мүмкін.
Пышақ жарақатын алған бес жасар Батыр қазір медициналық мекемеде емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы бір қалыпты. Батыр батырлығын танытса, алдағы уақытта толық сауығып шығады дейді.
"Балада бет жағында жарақат болды. Жедел түрде хирургиялық көмек көрсетілді. Қан ағып, ол тоқтатылды. Қазір бөлімшеде, жағдайы тұрақты, толық емін алып жатыр. Психологтар бүгін ақырындап жұмысқа кірісті, баламен сөйлесіп. Өзіміздің мекемеде психологтар бар. Сол кісілер баламен жұмыс істеп жатыр" №2 көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Медет Нұғманов
Жасөспірімнің бес жасар балаға дейін лифтіде басқа кішкентай қызға да пышақ сілтемек болған видеосы бақылау камерасына жазылып қалыпты. Арғы жақтан басқа адамдар келіп қалса керек, суық қаруын дереу жасырып, қашып кеткені таспада анық көрініп тұр.