Алакөл мен Үржар әуежайын дамыту: Берік Уәли президентке Абай облысының қарқыны жайлы есеп берді

Тоқаев Берік Уәлиді қабылдады, сурет - Zakon.kz жаңалық 09.06.2026 15:10 Сурет: akorda.kz
Президентке Абай облысының әкімі Берік Уәли 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы төрт айдағы көрсеткіштері туралы есеп берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 9 маусымда Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Берік Уәли өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жеткенін айтты. Биыл қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады. Инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң динамика сақталды",- делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Былтырдан бастап жалпы инвестициялық пулға кіретін жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайды. Тартылатын инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артты. Ірі инвестициялық жобалар қатарында құны 577,5 миллиард теңге болатын "Аягөз – Бақты" теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде. Семей қаласында құны 714 миллиард теңгені құрайтын жаңа жылу электр орталығы мен жалпы инвестиция көлемі 255 миллиард теңге болатын тау-кен байыту комбинатын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Бұл ретте, арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары туралы да есеп берілді. Семей қаласында жоспарланған аймақта жалпы құны 400 миллиард теңгені құрайтын өндірістік жобаларды іске асыру және 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Үш ірі жоба бойынша ұсыныс келіп түсті.

"Президентке Алакөл туристік аймағын дамыту барысы туралы ақпарат берілді. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын реконструкциялау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған". Ақорда

Сондай-ақ, әкім өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында қолға алынған жобаларды таныстырды. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары баяндалды.

Өз кезегінде, мемлекет басшысы өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, "Абайға құрмет" акциясын лайықты деңгейде жүзеге асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: