Өткен жылы Асар-2 елдімекеніне ішкі газ жүйесі жүргізіліп, құбырлар тартылған болатын. Алайда, Шымкент қаласы бойынша газ тапшылығы болып, қысымның төмендеуіне байланысты жаңа елдімекендерді газға қоса алмай келгенбіз. Жақында қаламызда №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Оның қуаттылығы сағатына 250 мың текше метр. Бұл - елдегі ең ірі АГРС-тердің бірі. Осыған байланысты шаһарда газ тапшылығы проблемасы толық шешілді. Енді жаңа елдімекендерге газ беріле бастады. Шымкент қаласы әкімдігі Энергетика басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков
Сурет: Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі
Үйіне газ кіргізіп, қуанышы қойнына сыймай жүргендердің бірі – Байғараева Тұрсынай. Бес баланың анасы табиғи газдың келуі тұрмысымызды анағұрлым жеңілдетеді деп есептейді.
Қыс мезгілінде үйді жылыту үшін көмір тасып әуре болушы едік. Өткен жылы көшемізге газ құбыры тартылып жатқанын көріп қатты қуандық. Енді, міне, көгілдір отын үйімізге дейін жетті, – дейді ол.
Сурет: Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі
Жақында Асар-2-ден бөлек, Бадам-195 орам, Достық, Азат және Тассай ықшам аудандарына да газ беріле бастайды. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2021 жылы бұл елдімекендердің барлығында ішкі газ жүйелері тартылған. Ал, АГРС-3-тің іске қосылуымен олардың барлығына газ беру мүмкіндігі туындап отыр. Жалпы, жыл басынан бері 2 мыңнан астам тұрғын газ алу үшін техникалық шарт жасаған.
Сурет: Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі
Бір ескеретін жәйт, мемлекет газ құбырын көшеге дейін жеткізеді. Тұрғындар оны өз қаражаты есебінен үйіне кіргізіп, монтаждау жұмыстарын жүргізуі керек. Бүгінде бұл қызметтің ақысы Шымкент қаласында шамамен 80 мың теңгені құрайды екен.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қала тұрғындарының 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 94,7 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Сурет: Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі