Қала тұрғындары пайдаланылған нан өнімдерінің қалдықтарын жабдықталған арнайы орында қалдырады. Әр екі күн сайын контейнерлердегі нан қалдықтары жиналып, сұрыпталып, кептіріліп, цехқа жіберіледі.
Арнайы жабдықта нан қалдықтарынан ірі қара мен ұсақ малға арналған түйіршіктелген жем дайындалады. Дайын өнім қажет еткен шаруа қожалықтары мен басқа да кәсіпкерлерге сатылады. Жобаны кәсіпкер Арман Сагинаев әзірлеген. Оның жобасы әкімдік тарапынан қолдауға ие болып отыр.
Сурет: Атырау облысы ІСБ
Мен уақытты босқа өткізбеуге шешім қабылдадым, несие алып, өз жобамды іске асыра бастадым. Бөшкелер сатып алып, оларды өз қолыммен жабдықтап, боядым. Қытайдан құрал-жабдыққа тапсырыс бердім. Бұл жұмысты алдын ала зерттеп, ақпарат іздестірдім. Бірқатар жем шығарушылармен кездесіп, мәлімет жинадым. Баға мониторингін жасап, жұмыстың қаражатын есептедім. Мүмкіндігім бар екеніне көз жеткізген соң, қала бойынша нан контейнерлерін орнатудан бастаймын деп шештім. Біріншіден, бұл қала тұрғындарының нан өнімдерінің қалдықтары бойынша проблемасын шешуге көмектеседі. Екіншіден, иттер қоқыс жәшігін шашып, ластамайды. Осы жобада қолдау білдірген қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне алғыс айтамын. Арман Сагинаев
Сурет: Атырау облысы СІБ
Айта кетейік, қазіргі уақытта Нұрсая, Авангард, Вокзал маңы ықшам аудандары мен Сәтпаев көшесі бойына 50 жасыл түсті бөшке түріндегі арнайы контейнер орнатылды. Алдағы уақытта осындай 200 контейнер орнату жоспарланып отыр.