Астанадағы көшелердің біріне ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушінің есімі берілетін болды

Астанадағы көшелердің біріне өрт кезінде ерлік пен жанкештілік танытып адамдарды құтқарған, марқұм өрт өндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

2022 жылы 1 желтоқсанда Астана ономастика комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оның барысында адамдарды құтқарып, ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімін Есіл ауданында ("Үркер" тұрғын алабы) орналасқан Е-583 көшесіне беру туралы шешім қабылданды. Осы Есіл ауданында өрт сөндіруші Саят Абеев пен гранатаны кеудесімен жауып, террористі залалсыздандырған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімімен аталған көшелер бар екенін айта кетейік.

"Сондай-ақ ономастика комиссиясы Асқар Забикулин қызмет еткен №6 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне оның есімін беріп, мекеме алдына бюст орнатуды ұсынды. Бұдан бөлек, өрт сөндірушінің естелік суретін Астана қаласының А.Пушкин көшесінде орналасқан "Құтқарушылар саябағындағы" ақпарат тақтасына орналастыру шешімі қабылданды. Бұл саябақта қайтыс болған құтқарушыларды еске алуға арналған ақпарат тақтасы орналастырылған". Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қаланың ономастика комиссиясының отырысында қаралған ұсыныстар енді Астана мәслихатының тұрақты комиссияларының жария тыңдауына, Астана қоғамдық кеңесінің қарауына жіберіледі.

Бұған дейін құтқарушы Асқар Забикулиннің отбасына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үш бөлмелі пәтердің кілті табысталған болатын. Пәтер Асқардың жұбайына жеке меншікке берілді. Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта пәтерде әрлеу және одан әрі жиһазбен толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құтқарушы Аян Кемпіровтің отбасына ипотеканы өтеуге көмек көрсетілді. Оның сомасы 24 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтің отбасыларына 6 миллион теңге сомасына несиелер өтелді.

Астана
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: