"Ал сапасы көңіл көншітпейтіндей жолдар Батыс Қазақстан (39%), Ақтөбе (66%) және Атырау (70%) облыстарына тиесілі", - деп нақтылады Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері.
Биыл еліміздегі 4,6 мың шақырымдай жергілікті автожол жөндеудің барлық түрімен қамтылып, оның 2,6 мың шақырымында жөндеу аяқталды. Осы мақсатқа 372 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар министрлік Қазақстанда өңірлердегі жол инфрақұрылымын дамыту үшін 486 жоба іске асып жатқанын айтты. Оның ішінде 391 жоба бойынша күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қолға алынса, жаңғырту мен тұтастай құрылысқа байланысты 95 жоба жүзеге асырылып келеді. Осы жылдың аяғына дейін автомобиль жолдарын жөндеуге байланысты 164 жобаны салып, жаңғырту бойынша 6 жобаны соңына дейін жеткізу жоспарланып отыр.
"Солтүстік Қазақстан облысындағы Лавровка – Чкалово автомобиль жолының 160-168 шақырымдай аралығын жаңғырту мен Қызылорда облысындағы Әйтеке би – Басықара аудандық маңыздағы көлік жолындағы көпірді жөндеуге байланысты жұмыстар аяқталуға жақын. Сонымен бірге Шымкенттегі шығыс айналма жолында жүргізіліп жатқан құрылыстың 1 кезеңі тәмамдалып қалды", деді ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері.
Биыл Алматыдағы Абай даңғылының жалғасын абаттандыру бойынша да жұмыстар соңына дейін жеткізілмек.