Қазір республикада Ауғанстан, Украина, Өзбекстан, Сирия және ҚХР-дан келген 325 босқын тұрады. Олар елден шығарылмау бойынша қорғалған.
"Босқындармен жұмыс жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанында ұлттық заңнама нормаларын Конвенция ережелерімен имплементациялау жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істейді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде БҰҰ-ның босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының сарапшылары кіреді", - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.
Жұмыс тобы босқындарға Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктермен тең дәрежеде медицина көмегіне, білім алуға және әлеуметтік көмек беру жөнінде ұсыныстар әзірледі. Бұл ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдардың қарауында.
1998 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан БҰҰ-ның 1951 жылғы "Босқындар мәртебесі туралы" конвенциясына (бұдан әрі – Конвенция) ресми түрде қосылып, өзіне белгілі бір міндеттемелер алды.