ABC басылымының жазуынша, Камбоджа Ұлттық қорғаныс министрлігі Таиландпен арадағы шекаралық қақтығыстардың қайта ушығуы салдарынан кемінде жеті бейбіт тұрғын қаза тауып, шамамен 20 адам жараланғанын мәлімдеді.
Министрліктің ақпаратынша, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы екі ел арасындағы ұзақ уақыттық шекара дауының салдарынан бірнеше елді мекендегі 20 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Сонымен бірге инфрақұрылым бұзылып, храмдар зардап шеккен, қоғамдық қызметтердің жұмысы іркіліске ұшыраған.
"Бұл ауыр зардаптардан басқа, жағдай әлі де күрделене түсуде. Тай әскерилері шекарадан 30 шақырымға дейінгі қашықтықтағы камбоджалық елді мекендерге әртүрлі алысқа атылатын оқ-дәрілерді атып, жаңа қираулар мен қайғылы жағдайларға себеп болып жатыр", – делінген 9 желтоқсанда жарияланған министрлік мәлімдемесінде.
Ал Таиланд Корольдік армиясының дерегінше, даулы шекара аймағында қайта басталған шабуылдар салдарынан бір тай сарбазы қаза тауып, тағы 29 әскери жараланған.
Олардың дерегінше, 125 мыңнан астам адам Таиланд жағында орналасқан жүздеген уақытша баспаналарға көшірілген.
Бұған дейін Камбоджа мен Таиланд арасындағы қақтығыс өршуде екенін жазғанбыз.