Жалпы бұл әулеттің 21 мүшесі мен олардың сыбайластары алаяқтық, кісі өлтіру, адамдарға дене жарақатын салу және басқа да ауыр қылмыстар үшін сотталған. 2025 жылдың қарашасында сот әулеттің бес мүшесін, соның ішінде басшысы Бай Суочэнді де өлім жазасына кескен. Алайда ол үкім шыққаннан кейін сырқаттан көз жұмған.
Тергеу мәліметінше, Бай әулетінің өз қарулы тобы болған. Олар 41 жабық нысан ұйымдастырып, сол жерлерде алаяқтық колл-орталықтар мен казино ашқан. Бұл орындарда адамдарды ұрып-соғу, азаптау жағдайлары болған.
Сот дерегіне сай, қылмыстық әрекеттер салдарынан алты Қытай азаматы қаза тапқан, бір адам өз-өзіне қол жұмсаған. Сонымен қатар ондаған адам жарақат алып, түрлі дене зақымдарын алған.
Өткен аптада Қытай билігі Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алаяқтық желілеріне қарсы күрес аясында Мин әулетінің 11 мүшесіне де өлім жазасын орындаған. Мұндай алаяқтық орталықтар бұл аймақта үлкен мәселе болып отыр, олардың құрбандары арасында қытай азаматтары көп.
Бай, Мин және басқа да қылмыстық топтар ұзақ жылдар бойы Мьянманың Лауккай қаласын бақылауда ұстап, онда казино, секс-индустрия орындары және кибералаяқтық орталықтарын басқарған.