"Кабар" агенттігінің жазуынша, қоғамда бұл шешімге "75 адамның хаты" себеп болды деген пікір тараған.
Жапаровтың айтуынша, жағдай Жогорку Кеңештен басталған. Кейбір депутаттық топтар депутаттарды жеке-жеке шақырып, "Сен біздің жақтасың ба, әлде ана жақтасың ба?" деген сұрақ қойған. "Біздің жақ" пен "ана жақ" деген кімдер деген сауалға: "Біздің жақ – генералдың жағы", – деп погондарын көрсеткен, ал "ана жақ – президенттің жағы" деп түсіндірген. Осылайша жұмыс жүргізіле бастаған.
Кейін бұл бөліну көшедегі "ақсақалдарға" да жеткен. Олар "жоғарыда келісілген", "Жогорку Кеңеш жақын арада мерзімінен бұрын сайлау жариялайды" деп, халықты жаңылыстырып, қол жинай бастаған.
"Егер мен дер кезінде батыл шешім қабылдамағанда, бұл жағдай қарапайым халыққа да әсер етіп, ел екіге бөлінуі мүмкін еді. Менде депутаттар мен кейбір мемлекеттік қызметкерлерді "генерал" атымен қорқытқаны туралы нақты деректер болды. Оларға: "Біздің жаққа өтпесең, генералмен бетпе-бет келесің" деп айтылған. Сондықтан осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдым", – деді Жапаров.
Президент шешім қабылдар алдында Ташиевке қоңырау шалып, жағдайды түсіндіргенін және қызметінен босататынын хабарлағанын айтты.
"Мен бұл жедел шешімім арқылы, керісінше, досымды қорғап қалдым деп есептеймін. Қасында жүрген, "ақсақал" дейміз бе, әлде басқаша атаймыз ба, бәрібір, олар менің досымды дұрыс жолдан тайдырды. Камчыбек Ташиевтің атын жамылып, парламент депутаттарына, жауапты мемлекеттік қызметкерлерге және қоғамдағы беделді тұлғаларға "генералдың жағына өтіңдер" деп үндеу жасаған. Егер мен оны қызметінен босатпағанда, мұндай әрекеттер күшейе түсер еді. Бұл мемлекеттік аппарат ішінде де, қоғамда да жікке бөлінуге, тіпті қарсыластыққа әкелуі мүмкін еді. Сондықтан мен досымды қызметінен босату туралы шешім қабылдадым. Мен үшін мемлекеттегі тұрақтылық бәрінен жоғары", – деп түйіндеді Қырғызстан басшысы.
Бұған дейін Қырғызстанның бұрынғы ҰҚК басшысы өз отставкасы туралы пікір білдіргенін жазғанбыз.