Израильдің 12-арнасының мәліметінше, зымыранды әуеде қағып түсіру кезінде оның сынықтары жерге құлаған. Соның салдарынан көпқабатты тұрғын үй қирап, өрт шыққан. Жалпы саны 33 адам зардап шекті. Олардың ішінде 10 жастағы бала бар.
Айта кетейік, бұл түн ортасынан бері Димона қаласы мен оның маңына жасалған жетінші шабуыл. Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар таралуда. Сонымен қатар, басылымның хабарлауынша, демалыс күндері Иран аумағында Израиль тарапынан ондаған нысанға соққы жасалған. Бұл нысандар қару-жарақ пен Израильге бағытталатын баллистикалық зымырандарды өндіру және сақтау үшін пайдаланылған.
Шабуылдар зымыран ұшыру қондырғыларына, әуе қорғаныс жүйелеріне және әскери базаларға бағытталған. Нысандар қатарында Ислам революциясы сақшылар корпусының баллистикалық зымырандарға қажетті негізгі компоненттерін өндіретін зауыттары, бөлшектер қоймалары және зымыран отынын шығаратын Иран Қорғаныс министрлігіне қарасты кешен бар.
Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) мәліметінше, бұл соққылар баллистикалық зымырандарға қажетті компоненттерді өндіру мүмкіндігін айтарлықтай төмендеткен. Сонымен қатар, Иран астанасында орналасқан әуе қорғаныс жүйелері де нысанаға алынған.
Әскерилердің айтуынша, бұл Иранның маңызды әскери инфрақұрылымына бағытталған тереңдетілген операцияның жалғасы. Мұндай әрекеттер зымыран жасау мүмкіндігін шектеу мақсатында әрі қарай да жалғасады.
Бұған дейін Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашу үшін 48 сағат уақыт бергенін жазғанбыз.