Naked Science басылымының жазуынша, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін АҚШ, Қытай және Еуропа әртүрлі экономикалық бағытта дамыды. Еуропа қарыз өсімін салыстырмалы түрде шектеулі деңгейде ұстап тұрса, АҚШ пен Қытай, керісінше, оны жылдам қарқынмен арттырды. Бұл үрдіс әсіресе 2020 жылдан кейін айқын байқалды.
2025 жылға қарай Қытайдың мемлекеттік қарызы 18,7 трлн долларға жетіп, алғаш рет ЕО-ның 17,6 трлн долларлық көрсеткішінен асты. Бұл өзгеріс соңғы жиырма жылда Қытайдың қарызы қаншалықты жылдам өскенін айқын көрсетеді.
2008 жылы АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 10,9 трлн долларды құрап, ЕО-ның 10,7 трлн долларлық деңгейіне жуық болды. Ал 2025 жылға қарай ол 38,3 трлн долларға дейін өсіп, Еуропаның көрсеткішінен 20,7 трлн долларға асып түсті. Қытайдың қарызы 2008 жылғы 1,2 трлн доллардан бастап, орта есеппен жылына шамамен 17%-ға өсіп отырған. Осындай қарқынның арқасында ол жиырма жылға жетпейтін уақыт ішінде ЕО-ны басып озды.
2008 жылдан бері АҚШ-тың мемлекеттік қарызы жыл сайын орта есеппен 7,7%-ға өссе, ЕО-да бұл көрсеткіш шамамен 3% болды. Еуроодақтағы қарыз өсімінің баяу болуы ішінара АҚШ пен Қытаймен салыстырғанда экономиканың номиналды өсімінің әлсіздігімен түсіндіріледі.
Сонымен қатар, бұл Еуропада 2010–2012 жылдары шарықтау шегіне жеткен қарыз дағдарысынан кейін енгізілген қатаң бюджеттік шектеулердің нәтижесі болып табылады.
Бұған дейін Алматыда тұрғын үйді қай аудандардан тиімді сатып алуға болатыны туралы жазған едік: арзан аудандар табыстылық жағынан орталықтан озып келеді.